Қара теңізде қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлерге дрондар шабуылы: осы сәттегі жағдай
13 қаңтар күні Қара теңіздің акваториясында, КҚК (Каспий құбыр консорциумы) теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысы бар кемелермен байланысты екі бірдей оқиға тіркелді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі ресми түрде растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ, сондай-ақ экспорттық жеткізілімдерге залал келмеген.
Министрлік деректеріне сәйкес, ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына Matilda және Delta Harmony атты екі танкер ұшыраған.
Мальта туы астында жүрген, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы жалға алған танкерде жарылыс салдарынан зақым тіркелген. Алайда өрт шықпаған. Ең маңыздысы — экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауы бойынша, кеме жүзу қабілетін сақтап отыр, корпусында аса қауіпті зақымдар анықталмаған.
Екінші танкер — Либерия туымен жүзетін кеме — мұнай тиеуді күту режимінде тұрған кезде БПЛА шабуылына тап болған. Соның салдарынан өрт шыққанымен, ол жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Айта кетерлігі, оқиға болған сәтте мұнай тиеу басталмаған, жүк танкілері бос болған. Демек, Қазақстанның экспорттық мұнай ресурстарына ешқандай зиян келмеген.
Энергетика министрлігі жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда ведомство ұлттық оператор, консорциум әкімшілігі және кеме иелерімен жедел түрде өзара іс-қимыл жасап отыр.
Басты мақсат — Қара теңіз аймағындағы қауіп-қатердің артуына қарамастан, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортының үздіксіз жүзеге асуын сақтау.
Ұшқышсыз аппараттарды қолдану арқылы жасалатын оқиғалардың жиілеуі өңірдегі кеме қатынасы мен энергетикалық инфрақұрылым қауіпсіздігі мәселесін қайтадан алға шығарды. Дегенмен министрлік өкілдері қазіргі уақытта мұнай экспортының іркілісіне негіз жоқ екенін атап өтті.
Материал жаңартылып отырады.