«ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау облысындағы «Жетібай» және «Қаражанбас» мұнай айдау станцияларында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды толық аяқтап, нысандарды пайдалануға берді. Бұл жобалар мұнай тасымалдау жүйесінің сенімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге және экологиялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Компания мәліметінше, аталған бастамалар өңір үшін ғана емес, жалпы ұлттық мұнай тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды.
Жетібай станциясы: экология мен қауіпсіздікке басымдық
«Жетібай» мұнай айдау станциясында жаңартылған резервуарлар паркі пайдалануға берілді. Бұл нысандар мұнайды қауіпсіз сақтау мен тасымалдауға арналған және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында экологиялық тиімді техникалық шешімдер қолданылды. Атап айтқанда, резервуарларға орнатылған понтондар мұнайдың булануын азайтып, зиянды шығарындылар көлемін төмендетуге септігін тигізеді.
Жаңартылған резервуарлар паркінің құрамына:
- көлемі 10 мың текше метр болатын екі тік болат резервуар;
- көбік-сумен өрт сөндіруге арналған сорғы станциясы;
- әрқайсысының көлемі 1000 текше метр болатын өртке қарсы су қорының екі темірбетон резервуары;
- мұнайды қабылдау және айдауға арналған технологиялық құбырлар кіреді.
Сонымен қатар жоба шеңберінде инженерлік жүйелер де салынды және жаңғыртылды. Электрмен жабдықтау, найзағайдан қорғау, жарықтандыру және өрт қауіпсіздігі жүйелері заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды.
Қаражанбас станциясы: сенімді электрмен жабдықтау
«Қаражанбас» мұнай айдау станциясында электрмен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Мұнда отандық өндіруші жасаған заманауи энергия блогы орнатылып, станция жабдықтарын резервтік электр қуатымен қамтамасыз ету мүмкіндігі күшейтілді.
Сонымен бірге найзағайдан қорғаудың жаңа жүйелері енгізіліп, энергия үнемдейтін жарықтандыру орнатылды. Бұл шешімдер станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлар қаупін төмендетуге бағытталған.
Жобаны іске асыру барысында 42 электр жетегі ауыстырылып, жалпы ұзындығы 152 шақырым болатын жаңа кабель желілері төселді. Нәтижесінде жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігі арттырылып, технологиялық тәуекелдер едәуір азайды.
Ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған жоба
«ҚазТрансОйл» компаниясында атап өткендей, жүзеге асырылған жобалар қысқа мерзімді міндеттермен шектелмейді. Олар мұнай тасымалдау инфрақұрылымының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге, экологиялық жүктемені азайтуға және өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Маңғыстау облысы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі өңірлердің бірі болып қала береді. Сондықтан бұл аймақтағы инфрақұрылымды жаңарту бүкіл саланың тұрақты дамуы үшін маңызды қадам саналады.