Әлеуметтік желілерде коуч Бақытбай Сабырбек жариялаған видео кеңінен талқыланып жатыр. Кадрларда ол ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған анамен диалог барысында көпшіліктің пікірінше қатқыл әрі орынсыз сөздер айтқан. Бұл жағдай желі қолданушыларының жаппай сынына ұшырады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Видео әйелдің жасын сұраудан басталады. Ол 38 жаста екенін айтқан соң, коуч оның сырт келбетіне қатысты өткір пікір білдіреді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Мен сізді шамамен 48 жаста деп ойладым. Қатты шаршағансыз. 42 жаста болып, алты баласы болса да жақсы көрінетіндер бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?" – дейді ол видеода.
Қолдаудың орнына айыптау
Кейін әйел ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырғанын айтады. Осыдан соң Бақытбай Сабырбек баланың даму жағдайына қатысты сұрақ қояды.
"Бұл бала неге дамымай жатыр деп ойлайсыз?" – дейді ол.
Анасының айтуынша, ол баласының жағдайының себебін ұзақ уақыт іздеп, ұлымен бірге ауруханаларда жылдар бойы жүрген. Бар уақытын баласына арнаудың нәтижесінде бала анасын танып, құшақтай бастағанымен, әлі сөйлей алмайды.
Әңгіме ары қарай әйелдің жеке өміріне ауысады. Коуч жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын және ер адамдарды "мойындамағанын" сұрайды. Әйел сол кезеңде бизнеске ден қойғанын, өзін эгоистік ұстағанын және жақындарынан алыстағанын айтады.
Осы тұста коучтың айтқан сөздері негізгі сынның себебіне айналды.
"Сіздің санаңызда барлық ер адамдар әлсіз – әкеңіз де, күйеуіңіз де әлсіз. Соның салдарынан балаңыз да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сондықтан ол ауырып, алға жылжымай жатыр", – дейді ол видеода.
Қоғамдық реакция
Видео әлеуметтік желілерде тез таралып, қатты қоғамдық резонанс тудырды. Көптеген қолданушылар мұндай сөздердің ата-аналарға, әсіресе ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға ауыр психологиялық соққы болатынын жазды.
Пікір білдірушілер мұндай тақырыптарда кәсіби психологтар мен дәрігерлер ғана сөйлей алатынын атап өтіп, коучтың сөздерін әдептен тыс және зиянды деп бағалады.
Материал жарияланған сәтке дейін Бақытбай Сабырбек тарапынан ресми түсініктеме немесе кешірім жарияланған жоқ.