ТЖМ тұрғын үй секторында өрттің алдын алу шараларын күшейтті

1034
Фотосурет: Gov

ТЖМ-де тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті. Спикер болып ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешев сөз сөйледі.

Қазақстанның ТЖ министрлігі жылыту маусымында өрттің алдын алу бойынша барлық өңірлерде күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Профилактикалық іс-шаралар маусым бойы үздіксіз жүргізіледі. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты тұрғын үй секторындағы өрттердің санын азайту және адам өліміне жол бермеу.

Елімізде «Өрт қауіпсіздігі айлығы», «Қауіпсіз пеш», «Таза мұржа», «Көмек қолы» ауқымды профилактикалық акциялары өткізілді.

Жергілікті атқарушы органдардың, волонтерлердің, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен үйлерді аралау, рейдтер, нұсқаулар, интерактивті іс-шаралар, практикалық жаттығулар және халыққа атаулы көмек көрсету іс-шаралар кешені өткізілді.

ТЖМ есебінде халықтың әлеуметтік осал топтарының 108 мың тұрғын үйі, сондай-ақ 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оларға үйлерін  өрт қауіпсіз күйге келтіру бойынша көмек көрсетілуде. Мәселен әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп 2,5 мыңнан астам үйде пешпен жылыту жүйесі дұрыс жағдайға келтірілді, 12 мыңнан астам түтін мұржасы тазартылды, 2,3 мың үйде электр жабдықтау жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтау датчиктерін орнату жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні 39 мыңнан астам датчик орнатылды.

Жылыту маусымы басталғаннан бері барлығы автономды жылыту жүйесімен 1,3 млн астам үй қамтылып, тұрғындармен қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқаулық өткізілді. 

Өрт қауіпсіздігі талаптарының анықталған бұзушылықтары тұрғындарға жеткізіледі және оларды жою ұсынылады. Рейдтер барысында 110 мыңнан астам үй өрт қауіпсіз жағдайына келтірілді.

Азаматтармен түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдар мен әлеуметтік желілер арқылы да жүргізілуде. Мәселен #Өзіңненбаста өрт қауіпсіздігі жөніндегі республикалық челленджді отандық шоу-бизнес пен спорт «жұлдыздары» қолдады.

2025 жылдан бастап ТЖМ басшысының бастамасымен ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы іске асырылуда. Әкімдіктермен және бастамашыл азаматтармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен жарақтандырылған 154 жаңа ерікті өрт сөндіру пункті құрылды. 2025 жылы еріктілер 700-ден астам жану мен өртті өздері сөндірді.

Жалпы өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар өзінің тиімділігін көрсетуде.

Биылғы жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрттер, сондай-ақ қайтыс болғандар мен жарақат алғандар санының азаюы тіркелді.

Биылғы жылыту маусымы басталғаннан бері (2025 жылғы 1 қазан) 1 889 өрт тіркелді, бұл өткен маусымның көрсеткіштерінен 12%  төмен.

ТЖМ профилактикалық жұмысты маусым бойы жалғастырады және барлық азаматтарды жауапкершілік көрсетіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -