Алматыда соңғы жылдардағы ең ауқымды білім беру жобаларының бірі бастау алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қалада «Сириус» білім беру орталығымен ынтымақтастық аясында I Таланттар саммиті өтіп, оның барысында «Сириус» мектебі мен білім беру орталығының құрылысына алғашқы тас қаланды.
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Сириус» федералдық аумағы Кеңесінің төрағасы, «Талант және табыс» қорының жетекшісі Елена Шмелева, сондай-ақ ғылыми және педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.

«Сириус» мектебі: ғылым мен технологияға басымдық
Алматыдағы жаңа «Сириус» мектебі мен білім беру орталығы математика, физика, химия және биология пәндері бойынша, сондай-ақ пәнаралық бағыттар — жасанды интеллект, ғарыш, инженерия және өмір туралы ғылымдар бойынша кіріктірілген бағдарламалармен жұмыс істейтін болады. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру стандартына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады.
«Бүгін алғашқы тас қаланды, бұл жай ғана символдық қадам емес. Бұл — мектептің қалай құрылатынын, білім беру бағдарламаларын қалыптастырудан бастап оқу үдерісін ұйымдастыруға дейін айқындайтын нақты жұмыстың басталуы. Жоба жаратылыстану ғылымдары мен заманауи технологиялар саласындағы кіріктірілген бағыттарға негізделген және Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес іске асырылады», — деді Аида Балаева.
Қазақстандық оқушылар алғашқы нәтижелерін көрсетіп келеді
«Сириуспен» ынтымақтастық қазірдің өзінде нақты нәтижелер беруде. 2024 және 2025 жылдары қазақстандық оқушылар «Үлкен сын-қатерлер» байқауы аясында жобалық командаларда жұмыс істеді. Ал ел құрамасы IJSO-2025 жасөспірімдер арасындағы халықаралық жаратылыстану олимпиадасында алты медаль жеңіп алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталық жұмысының негізгі элементі — оқушыларға нақты ғылыми және технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жобалық қызмет.
«Бүгін біз мемлекет басшылары алға қойған стратегиялық міндетті жүзеге асырып отырмыз. Үздік педагогтермен, ғалымдармен және технологиялық компаниялар өкілдерімен бірлесіп, Қазақстанның дарынды оқушыларының әлеуетін ашуға арналған ақылды, мазмұнды әрі қауіпсіз орта қалыптастырып жатырмыз. Қазіргі балалар кейде тәжірибелі мамандардың өзі қиналатын мәселелерді шешуге дайын. Сондықтан “Сириус” жобалық қызметті дамытуға ерекше мән береді. Біздің флагмандық жобамыз — “Үлкен сын-қатерлер” байқауы осыны дәлелдейді. Биыл ол 11-рет өтіп, халықаралық мәртебеге ие болды», — деді Елена Шмелева.
Саммит — таланттар тоғысқан алаң
Саммитке жаратылыстану-ғылыми және математикалық бағыттағы дарынды оқушылар мен педагогтер қатысты. Бағдарлама аясында мектеп пен орталық жобасының таныстырылымы, «Сириус» мамандарының дәрістері мен шеберлік сабақтары, «Үлкен сын-қатерлер» байқауы жобаларының көрмесі, сондай-ақ мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.
Оқушылар генетикалық және ақпараттық технологиялардың дамуымен танысып, квадрокоптерлер мен роботтарды құрастыру және бағдарламалау дағдыларын меңгерді, мидың жұмыс істеу қағидаларын зерттеп, академиялық және индустриялық серіктестер ұсынған жобалық тапсырмаларды орындады.
Жаңа буын педагогтерін даярлау
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Сириус» университетінің екі жылдық магистрлік бағдарламасын — «Ғылыми-технологиялық білім беру көшбасшылары» бағдарламасын іске қосады. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында жүзеге асырылады.
Бағдарлама дарынды балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға, сондай-ақ педагогикада жасанды интеллектіні қолдануды қоса алғанда, жаратылыстану және техникалық бағыттарды дамытуға бағытталған.
Сарапшылар Алматыда «Сириус» мектебі мен білім беру орталығының іске қосылуын Қазақстандағы ғылыми-технологиялық білім беруді және таланттарды қолдау жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға негіз қалайтын стратегиялық қадам деп бағалап отыр.