Бүгін Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінде Отан қорғау жолын таңдаған 200-ге жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ел тыныштығын күзетуге бел буған бозбалалар Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен және Алматы қалаларынан шақырылған.

Бір ай бойы әскери өмірдің тәртібі мен талаптарын меңгерген жас сарбаздар үшін бұл күн – үлкен жауапкершілік пен азаматтық парызды айқындайтын тарихи сәт. Ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары, аға-бауырлары қатысып, жас жауынгерлерге ақ жол тіледі.
Салтанатты жиын барысында ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – үш егіз жұптың бір мезетте әскери ант қабылдауы болды. Ақтөбеден келген Мақсат пен Мәди, Алматы қаласының тумалары Константин мен Кирилл, сондай-ақ Атыраудан шақырылған Ришат пен Рафхат бір сапта тұрып, елге адал қызмет етуге серт берді.

Егіздердің айтуынша, Отан қорғау – тек борыш емес, ортақ мақтаныш.
"Біз бұл шешімді бірге қабылдадық. Егіз болып бірге өскен соң, әскери қызметті де қатар атқару – біз үшін үлкен мәртебе. Ел тыныштығы үшін қызмет етуге дайынбыз" – дейді сарбаздар
5517 әскери бөлімінің басшылығы жас жауынгерлердің рухы жоғары екенін атап өтіп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Әскери ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаратын болады.