Сарбаздан тәрбиеші офицерге дейін

803
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызмет – тек міндет емес, бұл Отанға адалдықты, тәртіп пен табандылықты талап ететін өмірлік таңдау.

Осындай жолды саналы түрде таңдап, қатардағы сарбаздан бастап офицерлік дәрежеге дейін көтерілген, бүгінде жеке құраммен тәрбие жұмысын жүйелі түрде жүргізіп отырған офицерлер – Ұлттық ұлан әскерінің сенімді тірегі. Солардың бірі – аға лейтенант Данабекұлы Еламан.

Данабекұлы Еламан 1995 жылғы 17 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол мектепті тәмамдаған соң құрылыс саласында, сауда-саттықта еңбек етіп, шағын кәсіпкерлікпен де айналысты, бизнестің қыр-сырын меңгерді. Бұл кезең оның жауапкершілік пен дербес шешім қабылдау қабілетін қалыптастырды.

Әскери өмірдің бастауы

Еламанның әскери өмір жолы 2014 жылы басталды. Ол Ақмола облысы, Степногорск қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 3517 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін абыроймен өтеді. Қысқа уақыт ішінде өзінің тәртіптілігімен, бастамашылдығымен және көшбасшылық қабілетімен көзге түсті.

2015 жылы мерзімді қызметін аяқтаған соң, ол әскери қызметті келісімшарт бойынша жалғастырып, сержанттық құрамда бірқатар жауапты лауазымдарды атқарды. Бөлімше командирі, маман-бақылаушы, взвод сержанты, рота старшинасы қызметтерінде болды. Бұл кезеңде ол сарбаздармен тікелей жұмыс істеп, олардың әскери даярлығы мен тәртібіне жауап берді. Еламанның ең мықты қасиеттерінің бірі - қай лауазымда жүрсе де тек үздіктер қатарынан болды.

Еңбектің өтеуі – офицерлік жол

Қызметтегі жоғары көрсеткіштері, жеке құрам арасындағы беделі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Еламан жоғары басшылықтың сеніміне ие болды. Нәтижесінде ол офицерлік лауазымға ұсынылып, 2022 жылы Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясына оқуға жіберілді.

Академия қабырғасында алған теориялық білімі мен бұрынғы сержанттық тәжірибесін ұштастыра отырып, ол офицер ретінде қалыптасты. Оқуын аяқтағаннан кейін Степногорск қаласындағы 3517 әскери бөлімінде атқыштар взводының командирі, кейін жеке атқыштар взводының командирі лауазымдарында қызмет атқарды.

Шымкенттегі қызмет және тәрбие бағыты

2024 жылы отбасылық жағдайына, атап айтқанда анасының қайтыс болуына байланысты, Данабекұлы Еламан Шымкент қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6698 әскери бөліміне ауыстырылды. Мұнда ол 1 атқыштар ротасының 3 атқыштар взводына взвод командирі болды.

Қысқа мерзім ішінде кәсіби шеберлігін дәлелдеп, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, осы лауазымда абыройлы қызмет атқаруда.

Тәрбиеші офицер ретінде Данабекұлы Еламан сарбаздардың моральдық-психологиялық жағдайына, әскери-патриоттық тәрбиесіне, құқықтық сауаттылығына және әлеуметтік мәселелеріне айрықша мән береді. Сержанттық кезеңде жинақтаған тәжірибесі оған жас әскери қызметшілердің ішкі жағдайын терең түсінуге мүмкіндік береді. 2025 жылы Оңтүстік Өңірлік қолбасшылығында ұйымдастырылған «Үздік рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» байқау-сайысында «Үздік әдіскер» номинациясын жеңіп алды.

Өз саласын жақсы меңгеріп, айқын мақсаттарын сеніммен жүзеге асырудыжоспарлаған аға лейтенант Данабекұлы Еламан: «Тәрбиеші офицер ретіндегі басты мақсатым – әскери қызметшілердің Отанға деген адалдығын, жауапкершілігін және әскери антқа беріктігін нығайту. Әрбір сарбаз өзін қорғалған, бағаланған және қажет екенін сезінуі тиіс. Әскери тәртіп пен жарғы талаптарын мүлтіксіз орындау мәдениетін қалыптастыруды тәрбие жұмысының негізгі өзегі деп санаймын. Сондай-ақ алдағы уақытта әскери-патриоттық тәрбиені заман талабына сай жаңа форматта ұйымдастыруды көздеймін.

Сержанттық құрамнан бастап қызмет өткерген тәжірибемді ескере отырып, әрбір әскери қызметшінің ішкі жан дүниесін, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін жете түсінуге ерекше мән беремін. Жеке құраммен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату арқылы тәртіп бұзушылықтың алдын алу және ұжымдық бірлікті нығайту – негізгі міндеттерімнің бірі.

Алдағы қызметімде адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті басты қағида етіп, жас буынға үлгі болуды өзіме міндет санаймын. Ұлттық ұланның беделін арттыруға, тәртіпті, кәсіби әрі отансүйгіш әскери қызметшілерді тәрбиелеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын» деді.

Отбасы – тірек, қызмет – парыз

Отбасының қолдауы мен тәрбиесі – оның қызметтегі табысының басты негіздерінің бірі. Данабекұлы Еламан – көпбалалы, өнегелі әкенің бірі. Үйленген, бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жары - Мырзабай Халида Бекзатқызы мамандығы бастауыш сынып мұғалімі, қазіргі таңда SMM-мобилограф мамандығы бойынша арнайы жобалармен айналысады.

Үлгі боларлық жол

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Патриотизм - бұл ұран емес, елге адал қызмет ету» деген болатын. Сарбаздан – сержантқа, сержанттан - офицерге, тәрбие бағытына дейінгі аға лейтенант Данабекұлы Еламанның қызмет жолы – табандылықтың, адал қызмет пен үздіксіз еңбектің айқын көрінісі. Мұндай офицерлер Ұлттық ұланның беделін арттырып қана қоймай, жас сарбаздарға нағыз әскери қызметшінің қандай болу керектігін ісімен көрсетеді.

Капитан Шынжигитова Малика,

6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -