Қазақстанда ірі индустриялық жобаларды қаржыландыру тәсілі біртіндеп өзгеріп келеді. Бүгінде мемлекеттік даму институттары мен екінші деңгейлі банктер бір-бірімен бәсекелеспей, керісінше, тәуекел мен жауапкершілікті кезең-кезеңімен бөлісетін серіктеске айналып отыр. Мұның айқын мысалы - Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының тарихы, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ірі индустриялық жобаларға жеке капиталды тарту стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы стратегияның ең көрнекті жобаларының бірі - «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС.
Орталық Азиядағы ең ірі мыс жобаларының бірі
Ақтоғай тау-кен байыту кешені Абай облысында орналасқан және Орталық Азиядағы ең ірі ашық тәсілмен игерілетін мыс кеніштерінің қатарына кіреді. Бүгінде кешен құрамында:
- жылына 50 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы екі сульфидті байыту фабрикасы
- тотыққан кеннен катодты мыс өндіретін зауыт
- кен өндіру мен байыту процесін басқаратын автоматтандырылған жүйелер бар
Бұл - шығын құрылымы тиімді, озық технологияларға негізделген, ұзақмерзімді тұрақтылыққа бағытталған заманауи өндіріс.
ҚДБ жобаға ең қиын сәтте кірді
Ақтоғай жобасын қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкі 2016 жылы - құрылыс пен іске қосу кезеңіндегі ең күрделі әрі тәуекелі жоғары уақытта бастаған. Дәл осы кезеңде жеке банктер, әдетте, жобаларға аса сақтықпен қарайды.
Бүгінде Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты ҚДБ портфеліндегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады.
Екінші кезекті салу барысында Банктің қолдауымен жаңа байыту фабрикасы іске қосылды. Соның нәтижесінде:
- сульфидті кен өңдеу қуаты 25 млн тоннадан 50 млн тоннаға дейін ұлғайды
- 2100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды
Жоба орнықты кезеңге өтті
Қазіргі таңда Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты тұрақты операциялық және қаржылық көрсеткіштер көрсетіп отыр. Қаржыландырудың бірінші лимиті белгіленген мерзімде толық өтелді, ал жобаның бірінші кезегі жоспарлы өтелім деңгейіне шықты.
Алайда ең маңызды әрі көрсеткішті қадам - екінші лимит бойынша міндеттемелердің «Halyk Bank» АҚ қаражаты есебінен мерзімінен бұрын өтелуі болды.
Бұл жерде толыққанды қайта қаржыландыру тетігі іске қосылды. Halyk Bank кәсіпорынның ҚДБ алдындағы қолданыстағы берешегін сатып алып, экономикалық тұрғыдан орныққан активті әрі қарай қаржыландыруды өз мойнына алды. Яғни банк жобаға пайдалану кезеңінде, тәуекелдер барынша азайып, ақша ағындарының болжамдылығы жоғары деңгейге жеткен кезде кірді.
Президент тапсырмасымен үндес модель
Мұндай тәсіл Мемлекет басшысының екінші деңгейлі банктердің бос өтімділігін экономиканың нақты секторына белсенді тарту жөніндегі тапсырмасымен тікелей үндес.
Іс жүзінде модель былай жұмыс істейді:
- ҚДБ жобаға ерте кезеңде кіреді және бастапқы тәуекелді өз мойнына алады
- жоба іске қосылып, орнықты операциялық фазаға өтеді
- екінші деңгейлі банктер кейін қосылады, дайын активті қаржыландырады
- ҚДБ ресурстары жаңа жобаларға бағытталады
«Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының міндеттемелерін Halyk Bank-тің қайта қаржыландыруы жеке банктердің бос өтімділігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ҚДБ ресурстарын жаңа индустриялық бастамаларды нөлден бастап қолдауға бағыттауға жол ашады және экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі басты міндетімізді орындаудың нақты тетігі болып табылады», - дейді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Инвестициялық айналым қалай қалыптасады
Мәміле нәтижесінде босайтын ҚДБ қаражаты бастапқы кезеңдегі капитал сыйымдылығы жоғары жаңа жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Осылайша үздіксіз инвестициялық айналым қалыптасады.
Қазақстанның Даму Банкі жобаларға ең тәуекелі жоғары сәтте кіріп, оларды орнықты деңгейге дейін жеткізеді. Ал жоба аяққа тұрған соң, оны жеке банктерге «тапсырып», өз кезегінде экономиканың жаңа бастамаларына қайта инвестиция құяды.
Ақтоғай жобасы Қазақстанда индустриялық дамуды қаржыландырудың дәл осындай серіктестік моделінің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетіп отыр.