Тоқаев неке институтын заң жүзінде бекітуді ұсынды: «Бұл – ер мен әйелдің ерікті одағы»

748
Фотосурет: Helgy/Canva

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заң жүзінде нақты бекіту қажет екенін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл бастама қоғамдағы дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғаумен тікелей байланысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет дәстүрлі құндылықтарды қорғауы тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін дәстүрлі мәдени негіздерді қорғауға міндетті екенін атап өтті. Сонымен қатар, деструктивті, ал ашық айтқанда, аморальды мінез-құлық үлгілерінің насихатына қарсы тұру қажет екенін айтты.

Алайда Президент бұл мәселе бойынша біржақты немесе қатаң шектеулерге жол берілмейтінін де нақтылады.

«Қоғамымызда неке институтын ер мен әйелдің мемлекеттік органда ресми тіркелген ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет. Бірақ бұл ретте ешқандай жағдайда мемлекеттік моральдық ұстанымнан өзгеше көзқарастары үшін қылмыстық қудалауға немесе моральдық кемсітуге жол берілмеуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Таңдау құқығы бар, бірақ оны таңуға болмайды

Мемлекет басшысы мемлекеттің бұл мәселедегі ұстанымын қарапайым әрі түсінікті формуламен түйіндеді.

«Мемлекеттің ұстанымын мынадай қағидамен түйіндеуге болады: әрбір азаматтың таңдау құқығы бар, бірақ өз таңдауын өзгелерге таңуға ешкімнің хақысы жоқ», – деп атап өтті Президент.

Бұл ұстаным қоғамдағы әртүрлі көзқарастарға құрметпен қарау қажеттігін білдіреді.

Барша азаматтың құқығы қорғалады

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қатаң түрде қорғайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер ешкімнің негізгі құқықтарын шектеуге бағытталмаған.

Ұлттық құрылтай Қызылордада өтіп жатыр

Қызылордада Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. Бұл жиын 12 қаңтарда алдын ала жарияланған. Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай барысында елдің алдағы даму бағыттарын айқындайтын мазмұнды сөз сөйлеп, қоғам өміріндегі ең өзекті мәселелерге тоқталады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -