Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм, азаматтық жауапкершілік және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік нақты іспен, жауапкершілікпен ұштасуы тиіс, деп хабарлайды DKNews.kz.
Патриотизм – тек сезім емес
Мемлекет басшысы патриотизмді тек эмоциямен шектеуге болмайтынын атап өтті.
«Патриотизм – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік. Бірақ азаматтық жауапкершілік пен өз еліне пайдалы болуға деген ұмтылыс болмаса, мұндай сезімнің мәні аз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, азаматтық жауапкершіліктің маңызды көріністерінің бірі – мемлекеттік рәміздерге деген құрмет.
Мемлекеттік туды қолданудың өз тәртібі бар
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда қоғамда Мемлекеттік туды қай жерде және қалай қолдану орынды деген мәселе жиі талқыланып жатқанын атап өтті.
«Бұл мәселе арнайы нормалар мен ережелер арқылы реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді қолдануда жеңілтектікке, немқұрайлылыққа жол беруге болмайды. Бұл жерде заңның әрпімен қатар, оның рухын да сақтау маңызды», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздерге құрмет олардың маңызын терең түсінуден басталатынын айтты.
Жүректен шыққан патриотизмді қолдау керек
Сонымен қатар Президент шынайы, шектен аспайтын, әдепті патриотизмді мемлекет әрдайым қолдауы тиіс екенін жеткізді.
«Үйлердің, көліктердің үстінде, көшелерде, әсіресе шетелдегі спорттық жарыстарда көк байрағымыздың желбіреп тұрғанын көргенде ерекше қуаныш сезінемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тудың артында – елдің жетістігі
Президенттің айтуынша, Қазақстанның көк туының әлемге танылуы – кездейсоқ құбылыс емес. Оның артында отандық спортшылардың жеңістері, ғалымдардың еңбегі, кәсіпкерлердің табысы, өнер адамдарының жетістіктері тұр.
Бұл жетістіктер елдің абыройын арттырып, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтады.
«Біз жүректен шығатын, нақты іспен көрінетін патриотизмді қолдауымыз керек. Ол туған жерге қамқорлық жасаудан, қоғамға қызмет етуге дайын болудан көрінеді», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Ұлттық құрылтай Қызылордада өтіп жатыр
Қызылордада Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы жалғасуда. Бұл жиын 12 қаңтарда алдын ала жарияланған. Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай барысында елдің алдағы даму бағыттарын айқындайтын мазмұнды сөз сөйлеп, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерге тоқталады.