Қазақстан тұрғын үй кварталдары үшін «жасыл» жылумен жабдықтау моделін сынақтан өткізуде

770
Фотосурет: NU

Nazarbayev University кампусында күн жылу коллекторларын тұрғын үйлердің орталық жылумен қамту жүйесіне біріктірген жоба іске қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанда алғаш рет күн энергиясы дербес немесе тәжірибелік шешім ретінде емес, қолданыстағы орталықтандырылған жылу инфрақұрылымының құрамдас бөлігі ретінде пайдаланылып отыр.

Жүйе екі пәтерлі 10 тұрғын таунхаусты жылумен қамтиды және орнатылған жылу қуаты шамамен 50 кВт-ты құрайды. Қазіргі есеп бойынша жылдық жылу өндіру көлемі 45 Гкал-ға жуық, бұл тұтынылатын жылу энергиясының үштен біріне тең. Мұндай көрсеткіш табиғи газды тұтынуды азайтып, пайдалану шығындарын төмендетуге әрі көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жазғы кезеңде — мамырдан қазанға дейін — күн коллекторлары пәтерлерді ыстық сумен толық қамтамасыз етіп, газ қазандықтарын қолдануды іс жүзінде тоқтатуға жағдай жасайды. Ал өтпелі маусымда жүйе жылытуға түсетін жүктеменің 30 пайызына дейін өтеп, ең жоғары жүктемені азайтып, жылумен қамтудың энергия тиімділігін арттырады.

Жоба NURA жеке мекемесінің (NURIS Enterprise ЖШС) жобалау-конструкторлық және ғылыми-инженерлік топтарының қатысуымен, Германияның GIZ компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Солтүстік Қазақстанның климаттық ерекшеліктері ескерілген бұл шешім қазіргі жылу желілерін түбегейлі қайта құрмай-ақ тұрғын аудандарға, кампустарға және әлеуметтік нысандарға кеңінен енгізуге болатын үлгі ретінде қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда жоба тобы гранттық қаржыландыруға өтінім дайындап жатыр. Университетте бұл бастаманың басты құндылығы технологиялық жаңалығында ғана емес, көміртек ізін азайтуға және газға тәуелділікті төмендетуге қосатын нақты үлесінде екені атап өтіледі. Бұл өз кезегінде кампустың жылу-энергетикалық инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -