16 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңға және қаржы нарығын реттеу, байланыс пен банкроттық мәселелеріне қатысты бірқатар өзгерістерді қамтитын ілеспе заңға қол қойды. Құжаттар банктік жүйені жаңғыртуға бағытталғанымен, басты мәселе – салымшылардың ақшасының қауіпсіздігі – өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, депозиттер бойынша қолданыстағы барлық кепілдіктер сақталады және олар базалық лицензиямен жұмыс істейтін жаңа банктерге де қолданылады. Қор салымшылардың мүддесін қорғау бойынша жұмысын бұрынғыдай жалғастырады.
Банктерге екі түрлі лицензия енгізіледі
Жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда банктік лицензияның екі түрі енгізіледі:
- әмбебап лицензия,
- базалық лицензия.
Қазір жұмыс істеп жатқан банктер қызметін әмбебап лицензия негізінде жалғастырады және бұрынғыдай депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатыса береді.
Ал жаңа банктер әмбебап лицензияны да, базалық лицензияны да ала алады. Базалық лицензия белгілі бір шектеулерді көздейді. Атап айтқанда, уәкілетті орган белгілейтін нормативтік актілерге сәйкес, операциялар көлеміне және қабылданатын депозиттердің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады.
Базалық лицензиядағы банктердің депозиттері де қорғалады
Маңызды жаңалық – базалық лицензиясы бар банктердегі жеке тұлғалардың депозиттеріне де кепілдік беріледі. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысу жеке тұлғалардан салым қабылдауға құқығы бар барлық банктер үшін міндетті болып қала береді.
Бұрынғыдай ислам банктері бұл жүйеге қатыспайды. Яғни ҚДКБҚ кепілдігі ислам банктеріндегі депозиттерге қолданылмайды.
Қор жаңа банктерді қабылдауға дайын
ҚДКБҚ банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылармен есеп айырысу үшін арнайы резерв қалыптастырады. Бұл резерв негізінен:
- жүйеге қатысушы банктердің жарналары,
- инвестициялық табыс
есебінен құрылады.
Жаңа банктер де жүйеге қосылған кезде Қордың ішкі моделіне сәйкес сараланған мөлшерлеме бойынша жарна төлейді. Бұл ретте әр банктің тәуекел деңгейі ескеріледі.
2026 жылға Қор жүйенің қаржылық тұрақтылығын көрсететін көрсеткіштермен кіріп отыр: арнайы резерв көлемі 1,5 трлн теңгеге жуық, бұл кепілдік берілген депозиттік базаның шамамен 5,3%-ын құрайды.
Салымшыларға өтем төлеу мерзімі қысқарады
Жаңа заңдағы ең маңызды өзгерістердің бірі – өтем төлеу мерзімінің қысқаруы. Бұған дейін банк лицензиясынан айырылған жағдайда төлемдер 35 жұмыс күні ішінде басталуы тиіс еді.
Енді жаңа түзетулерге сәйкес бұл мерзім 20 жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Айта кету керек, ҚДКБҚ іс жүзінде бұдан да жылдам жұмыс істеп келеді. Мысалы:
- Tengri Bank,
- AsiaCredit Bank,
- Capital Bank Kazakhstan
бойынша салымшыларға өтем төлеу лицензия қайтарылған күннен кейін 6-8 жұмыс күні ішінде басталған.
Қор алдағы уақытта да төлем мерзімдерін қысқарту және салымшылардың жинақ ақшасын қорғауды күшейту бағытында жұмысын жалғастырмақ.
Кепілдік сомалары өзгермейді
Жаңа заң депозиттер бойынша кепілдік сомаларын өзгертпейді. ҚДКБҚ бұрынғыдай банк лицензиясынан айырылған жағдайда жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге өтем төлейді.
Кепілдік мөлшерлері мынадай:
- теңгелік жинақ салымдар – 20 млн теңгеге дейін;
- теңгелік басқа салымдар, шоттар мен карталар – 10 млн теңгеге дейін;
- шетел валютасындағы салымдар, шоттар мен карталар – теңгедегі баламада 5 млн теңгеге дейін;
- бір банктегі әртүрлі валютадағы салымдар – егер теңгеде жинақ салымы болса, жиынтық түрде 20 млн теңгеге дейін, әр салым түрі мен валютасы бойынша шекті мөлшер сақталады.
Қордың деректеріне сәйкес, осы шекті сомаларды ескергенде қазақстандық банктердегі салымдар мен шоттардың 99,8%-ы толық көлемде қорғалған.
Салымшылар үшін басты қорытынды
Банктік заңнама жаңарғанымен, салымшылардың ақшасы бұрынғыдай сенімді қорғалады. Жаңа банктер пайда болған жағдайда да депозиттерге кепілдік беріледі, ал өтем төлеу мерзімі қысқарады.
Бұл өзгерістер қаржы жүйесін дамытуға бағытталғанымен, басты қағида өзгеріссіз қалды – қазақстандықтардың жинақ ақшасы мемлекет бақылауындағы жүйемен қорғалады.