Астанада, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында белгілі қазақстандық суретші, кескіндемеші және график, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлының «Қала ырғағы» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозиция заманауи қаланың болмысын, оның ішкі ырғағы мен мінезін өнер тілімен бейнелеуге арналған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қала – ғимараттар жиынтығы емес, тірі кеңістік
Көрмеде автордың 50 туындысы ұсынылған. Жеңіс Кәкенұлы өз еңбектерінде кескіндеме, графика және компьюарт бағыттарын шебер үйлестіріп, Астананың бүгінгі келбетін ерекше қырынан көрсетеді.

Суретшінің жұмыстарында елорданың сол жағалауындағы танымал нысандар бейнеленген:
- «Меруертті мекен»,
- «Солтүстік шұғыласы»,
- «Қазақстан Темір Жолы» кешені,
- «Астана салтанаты» тұрғын үйі,
- «Транспорт тауэр» ғимаратының силуэті,
- «Салтанат сарайының» күмбездері мен бірқатар әкімшілік ғимараттар.
Алайда бұл туындыларда қала тек реалистік бейнеде ғана емес, қазақ халқының ұлттық қолданбалы өнеріне тән бояулармен, өрнек пен реңк арқылы тереңдетіле көрсетіледі. Автор үшін қала – эмоциясы, жады мен өзіне тән қарқыны бар тірі организм.

Қаланың тынысын сезіндіретін көрме
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова экспозицияның маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл көрме – қазіргі заманғы қала туралы жай ғана көркем әңгіме емес. Бұл – оның тынысын сезінуге, қозғалысын аңғаруға, адам өмір сүретін кеңістіктің ішкі ырғағын ұғынуға жасалған талпыныс. Суретшінің еңбектерінде қала ғимараттар мен көшелер жиынтығы ретінде емес, мағынаға, эмоцияға және уақытқа толы тірі ағза ретінде көрінеді», – деді ол.
Жеңіс Кәкенұлының айтуынша, оның шығармашылығы үйлесімге, тірі поэтикалық образ бен түстің нәзік әуезі арқылы берілетін эмоционалдық күйдің тоғысуына негізделген.
«Ұсынылған сериядағы әрбір картина жеке дара болғанымен, барлығы бірігіп, біртұтас рухани-мазмұндық орта құрайды», – дейді суретші.
Халықаралық көрмелерден – Астанаға дейін
Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы 9 мамырда Алматы облысы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Қазақ педагогика институтының көркем-графика факультетін тәмамдаған.
Әр жылдары ол:
- «Ақжелкен», «Зерде», «Мәдениет», «Тура Би» журналдарында суретші әрі көркем редактор,
- «Фолиант» баспасында суретші,
- көркем сыншы, кітап иллюстраторы, эмблема авторы ретінде еңбек етті.
«Фолиант», «Елорда», «Аударма» баспаларында жарық көрген 40-тан астам кітаптың көркемдік безендірілуіне атсалысты.
Суретшінің қала пейзаждары бұған дейін Семей қаласындағы «Невзоровтар» музейінде, сондай-ақ Нью-Йоркте көрмеге қойылып, көрермендердің оң бағасын алған. Оның еңбектері бүгінде Қазақстан, Ресей, Молдова, Түркия және АҚШ-тағы жеке коллекцияларда сақтаулы.
Көрме қашанға дейін өтеді
«Қала ырғағы» көрмесі 2026 жылғы 23 ақпанға дейін жалғасады.
Мекенжайы: Астана қаласы, А. Бөкейхан көшесі, 1а (Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы).
