«Ауырмайды ғой» деп жүре беруге бола ма? Мойындағы кішкентай түйін неге ескерусіз қалмауы тиіс

1496
Фотосурет: sasirin pamai's Images

Мойын тұсындағы кішкентай тығыздалуды көп адам кездейсоқ байқайды – айнаға қарағанда, селфи түсіргенде немесе ескі фотосуреттерді ақтарғанда. Көбіне оны «қалқанша безі шығар» деп ойлап, мән бермей қояды. Ауырмайды, мазаламайды – демек қауіпті емес сияқты.

Алайда дәл осындай немқұрайдылық кейде қалқанша безінің ауруларын, соның ішінде қатерлі ісікті кеш анықтауға алып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сирек, бірақ барған сайын жиі анықталып жатқан диагноз

Қалқанша безінің қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың сирек түріне жатады. Соған қарамастан соңғы онжылдықтарда бұл диагноз бүкіл әлемде, Қазақстанда да жиірек қойылып келеді.

Онкологиялық статистикаға сүйенсек, соңғы 30 жылда елімізде бұл ауруды анықтау шамамен үш есе артқан. Бұл тек ауру санының өсуімен ғана емес, ерте диагностиканың дамуына да байланысты. Бүгінде ультрадыбыстық зерттеу, жіңішке инелі биопсия кеңінен қолданылады, ал дәрігерлер түйінді түзілімдерге бұрынғыдан да мұқият қарайды.

Неге көбіне әйелдер ауырады

Қалқанша безі аурулары әйелдерде ерлерге қарағанда 3–5 есе жиі кездеседі. Ал қатерлі ісіктің 70–80 пайызы дәл осы әйелдер үлесіне тиесілі.

Мамандар мұны гормоналды өзгерістермен байланыстырады. Жыныстық жетілу, жүктілік, босану, менопауза кезеңдерінде эстроген деңгейі ауытқып, қалқанша безі тіндерінің түрлі өзгерістерге сезімталдығы артады. Сондықтан әйелдерге мойын аймағындағы кез келген өзгеріске бейжай қарамау ерекше маңызды.

«Ауырмаса, демек қауіп жоқ» деген қате түсінік

Бұл – науқастардың өзіне қарсы жұмыс істейтін ең кең тараған пікір. Мойындағы түйін немесе аздап ісіну жылдар бойы ауыртпай, баяу өсіп, адамға еш қолайсыздық тудырмауы мүмкін. Соның салдарынан дәрігерге бару айларға, тіпті жылдарға кейінге қалдырылады.

Иә, түйіндердің басым бөлігі шынымен де қатерсіз болып шығады. Бірақ кейбір жағдайларда дәл осылай қатерлі үдерістің бастапқы кезеңі көрінеді. Ал оны тексерусіз анықтау мүмкін емес.

Сондықтан мойындағы кез келген тығыздалу, асимметрия, көлемнің ұлғаюы немесе қатты түзілім – тексерілуге себеп.

Қалқанша безі қайда орналасқан және неге ол маңызды

Қалқанша безі мойынның алдыңғы бөлігінде орналасқан және пішіні көбелекке ұқсайды. Кішкентай болғанымен, оның атқаратын қызметі орасан.

Бұл без ағзадағы зат алмасуды, жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысын, энергия деңгейін, репродуктивті функцияны, өсу мен дамуды реттейтін гормондар бөледі. Оның жұмысындағы болмашы өзгерістердің өзі созылмалы шаршау, салмақтың ауытқуы, көңіл күйдің өзгеруі сияқты белгілерге алып келуі мүмкін.

Қауіп факторлары кімдерде жоғары

Дәрігерлер мына жағдайларды қауіп факторлары ретінде атайды:

  • бас пен мойын аймағының бұрын сәулеленуі;
  • йодтың жетіспеушілігі немесе артық болуы;
  • тұқым қуалайтын бейімділік;
  • әйел жынысы;
  • 20 жасқа дейінгі және 50 жастан асқан жас.

Сонымен бірге мамандар бір жайтты ерекше атап өтеді: қалқанша безінің қатерлі ісігі ешқандай айқын қауіп факторы жоқ адамдарда да пайда болуы мүмкін.

Ескерусіз қалдыруға болмайтын белгілер

Дәрігерге қаралуға мына белгілер себеп болуы тиіс:

  • мойын аймағындағы түйін немесе тығыздалу, әсіресе ол үлкейіп жатса;
  • дауыстың қарлығуы немесе өзгеруі;
  • тамақта «түйін тұрғандай» сезім;
  • жұтынудың қиындауы;
  • мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы;
  • мойынның көзге көрінетін асимметриясы.

Ауырсынудың болмауы – мәселе жоқ деген сөз емес.

Қалқанша безінің түйіндері қалай тексеріледі

Диагностика кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Егер күдікті белгілер анықталса, жіңішке инелі аспирациялық биопсия тағайындалады.

Қандағы ТТГ талдауы бездің қызметін бағалау үшін қажет, бірақ қатерлі ісікті анықтамайды. КТ немесе МРТ тек белгілі бір көрсеткіштер болған жағдайда қолданылады. Ал онкомаркерлер көп жағдайда нақты ақпарат бермейді.

Әр түйінге операция жасала ма

Жоқ. Көптеген түйіндер хирургиялық араласуды қажет етпейді. Мұндай жағдайда дәрігерлер динамикалық бақылауды ұсынады – жылына бір рет УДЗ жасап, талдауларды қадағалау жеткілікті.

Операция тек қатерлі үдеріс расталғанда немесе клиникалық тұрғыдан күрделі жағдайларда ғана жасалады.

Неге болжам көбіне жақсы

Қалқанша безінің ісіктерінің басым бөлігі баяу өседі және емдеуге жақсы көнеді. Емдеу тактикасына қарай хирургиялық әдістер, радиойодтерапия және гормоналды терапия қолданылады.

Ауру дер кезінде анықталса, пациенттер ұзақ жылдар бойы қалыпты өмір сүру сапасын сақтай алады.

«Қалқанша безінің қатерлі ісігі ерте кезеңде айқын белгілер бермейді. Пациенттер мойындағы түйінмен жылдар бойы жүре береді, ауырсыну болмаған соң дәрігерге баруды кейінге қалдырады. Ал уақытылы қаралу мен қарапайым тексеру ауруды емдеу ең тиімді болатын сатысында анықтауға мүмкіндік береді», – дейді ҚазОжРҒЗИ жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Мұрат Қайбаров.

Ең бастысы не

Мойындағы кішкентай ісік – дүрбелеңге себеп емес. Бірақ тексерілуге жеткілікті негіз. Қалқанша безіндегі түйін – ағзаның «мені тексер» деген сигналы.

Бүгін дәрігерге баруға бір сағат бөлсеңіз, ертең күрделі емдеуден сақтануыңыз мүмкін. Бұл жағдайда ең қауіптісі – диагноз емес, кешіктіру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -