Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде жас сарбаздарды жауынгерлік қызметке енгізу аясында салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара барысында 2025 жылғы екінші шақырылыммен келген мерзімді әскери қызметшілерге штаттық жауынгерлік қару — Калашников автоматтары табысталды.
Белгіленген тәртіпке сәйкес қару алу кезінде жеке құраммен қауіпсіздік талаптары бойынша міндетті нұсқаулықтар жүргізіліп, сарбаздардың қарумен сауатты әрі жауапты жұмыс істеу дағдыларын айқындайтын сынақтар қабылданды.

Салтанатты шараға әскери бөлімнің қолбасшылығы, офицерлер мен сержанттар, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Марат Абдрахманов қатысты. Ол өз сөзінде жауынгерлік қару алу — әскери қызметтегі маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі екенін атап өтіп, бұл жас сарбаздарға артылған сенімнің, темірдей тәртіп пен жеке жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін жеткізді.
Өз әсерімен бөліскен қатардағы жауынгер Даниил Сладков бұл сәттің өзі үшін ерекше толқытатын әрі өміріндегі ұмытылмас кезеңдердің бірі екенін айтты.
Айта кетейік, белгіленген талаптарға сәйкес қарудың атауы, сериясы мен нөмірі, сондай-ақ табысталған күні туралы мәліметтер әскери қызметшілердің әскери билеттеріне енгізілді.