Алматыда полицияның алдын алу жұмысы күшейтілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматы қаласында полицияның негізгі бөлімшелері басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Жиынды мегаполистің полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов өткізді.
Кеңеске қоғамдық қауіпсіздік, әкімшілік полиция және көші-қон қызметі басқармаларының басшылары мен жеке құрамы қатысты. Кездесуде қала тұрғындарының күнделікті қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін және құқық қорғау органдары жұмысының сапасын айқындайтын маңызды мәселелер қаралды.
Кеңес барысында Алматы қаласындағы жедел ахуал жан-жақты талданып, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі және жолдағы қауіпсіздік мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, халықтың жоғары көші-қонына байланысты өзектілігін жоғалтпай отырған көші-қон саласындағы есепке алу және тіркеу рәсімдерінің сапасына ерекше назар аударылды.
Басым бағыт ретінде алдын алу жұмыстары белгіленді. Атап айтқанда, нысаналы профилактика жүргізу, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау және бөлімшелер арасындағы өзара үйлесімділікті күшейту қажеттігі айтылды. Полиция басшылығының пікірінше, құқық бұзушылықтың салдарымен күрескеннен гөрі, оны болдырмау әлдеқайда тиімді.
Айдын Қабдулдинов полиция жұмысының нәтижелілігі барлық қызметтердің бірлескен, үйлесімді іс-қимылына және тұрғындардың нақты сұранысына бағытталуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және мегаполистегі тұрақтылықты сақтау. Әрбір бөлімше алматылықтардың мүддесі үшін, нақты нәтиже көрсетуі тиіс», – деді ол
Кеңесте полиция қызметі «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында, ашықтықты, тәртіпті және жеке жауапкершілікті басты назарда ұстай отырып жүргізілуі керектігі де айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша бөлімше басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Олар профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруға, қызметтер арасындағы өзара байланысты нығайтуға және қоғамның полицияға деген сенімін күшейтуге бағытталған.
Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыс кеңестері формалдылық үшін емес, полиция қызметін жедел түзетіп, қабылданған шешімдердің қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығына нақты әсер етуі үшін өткізіледі.