Неге әрбір тексеріс заңды бола бермейді және кәсіпкерлер өздерін қалай қорғай алады

1144
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Атамекен

Кәсіпкерлерге жүргізілетін тексерістер - Қазақстандағы бизнестің ең ауыр тақырыптарының бірі. Заң бар, ереже бар, бірақ тәжірибеде кәсіпкерлер әлі де бақылаушы органдар тарапынан түсініксіз талаптарға, процедуралық бұзушылықтарға және кейде ашық заңсыз әрекеттерге тап болып жатады. Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес отырысында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Негізгі назар - тексерістердің заңдылығы, заңнамадағы өзгерістер және бизнесті негізсіз қысымнан қорғау тетіктеріне аударылды.

«Тексеріс» деген сөз неге кәсіпкерді алаңдатады

Палатаға түсетін шағымдар мен қоңыраулардың басым бөлігі дәл осы тексерістерге қатысты. Жеке кәсіпкерлер көбіне тексерістің не себепті басталғанын, қандай негізге сүйеніп жүргізіліп жатқанын түсінбей жатады. Кей жағдайларда мерзімдер бұзылады, рәсімдер сақталмайды немесе тексеріс өкілеті жоқ орган тарапынан басталады.

2025 жылы ШҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің, оның ішінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы саласындағы, көптеген өтініштерін қараған. Бизнес профильдік порталдардың жұмысына, жоспардан тыс тексерістерді ашу тәртібіне және тексеріс процедураларының заңдылығына қатысты нақты сұрақтар көтерген.

Осыған байланысты Кеңес отырысында басты қағида тағы бір рет еске салынды: кез келген тексеріс тек заң аясында басталуы тиіс. Ал оның алғашқы және міндетті қадамы - ресми тіркеу.

Тіркеу жоқ па? Демек тексеріс те жоқ

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, тексеріс тағайындау туралы акт оның басталуына дейін Біртұтас тексерістерді есепке алу және тіркеу жүйесінде (ЕРСОП) міндетті түрде тіркелуі керек. Ол үшін № 1-П нысанындағы карточка толтырылып, тексеру парақтары қоса тіркеледі.

Осыдан кейін акт QR-кодпен басып шығарылады. Кәсіпкер сол QR-код арқылы тексерістің заңдылығын өз бетінше тексере алады.

Ал егер тіркеу жоқ болса, мерзімдер сақталмаса, тексеріс анонимді өтінішке негізделсе немесе өкілеті жоқ орган бастаса, мұндай тексеріс заңсыз деп танылады және тіркеуден бас тартылады.

Сонымен қатар, тексеріс тағайындау актісінде барлық дерек толық көрсетілуі тиіс: тексеруші орган мен лауазымды тұлғаның мәліметтері, тексерілетін субъект, тексеріс нысаны мен мерзімдері, құқықтық негіздер, сондай-ақ кәсіпкердің Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабына сәйкес құқықтары мен міндеттері.

Статистика нені көрсетіп отыр

ШҚО бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Департаменті 2025 жылғы тексерістердің ресми статистикасын ұсынды. Бұл деректер жағдайдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді.

ЕРСОП мәліметтеріне сәйкес, облыста 3 776 тексеріс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 73 пайызға көп. Алайда жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерістер саны керісінше 41 пайызға азайып, 2 111-ді құрады.

Соған қарамастан, заңсыз тексерістер әлі де кездеседі. Бизнесті қорғау мақсатында Департамент 28 тексерісті тіркеуден бас тартқан және 138 заңсыз тексерісті анықтаған.

Мәселен, ШҚО бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу департаменті 2025 жылы 54 тексеріс жүргізген, алайда олардың ешқайсысы тиісті актілермен тіркелмеген. Оның 42-сі жеке бизнеске қатысты болған.

Нәтижесінде 9 заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, 10 тәртіптік іс қозғалды, 23 әкімшілік іс қаралды. Барлығы 41 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Жаңа Салық кодексі нені өзгертеді

Кеңес отырысында кәсіпкерлер үшін маңызды тағы бір тақырып - жаңа Салық кодексінің енгізілуі болды. Бұл құжат салықтық бақылаудың бұрынғы тәсілдерін түбегейлі өзгертпек.

Енді бизнеске үйреншікті «мерзімді», «жоспардан тыс» және «таңдамалы» салықтық тексерістер ұғымдары жойылады. Алты айлық тексеріс кестелері де болмайды. Оның орнына салық төлеушілер салық жүктемесінің коэффициенті (СЖК) негізінде іріктеледі.

Бұл - бақылаушы органдардың назарын нақты тәуекел аймақтарына бағыттауға мүмкіндік беретін, адресатталған әрі тәуекелге негізделген тәсіл. Яғни адал жұмыс істейтін бизнеске қысым азайып, тек проблемалық бағыттарға басымдық берілуі тиіс.

Балаларға қызмет көрсететін ұйымдар қатаң бақылауда болады

Отырыста 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енетін тағы бір маңызды заң талқыланды. Ол балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді.

Бұл мектептерге, балабақшаларға, сауықтыру лагерьлеріне, мектеп асханаларына және бюджеттен қаржыландырылатын, балаларға тамақтану, тұру, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін нысандарға қатысты.

Мемлекеттік бақылау төрт форматта жүргізіледі: жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер, тергеу және объектіні аралап мониторинг. Тексерістер алдын ала ескертусіз, күтпеген жағдайда өткізіледі. Негізгі назар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға аударылады.

Ең маңыздысы - бұзушылық анықталған кезде бірден айыппұл салынбайды. Алдымен оны жою туралы тапсырма беріледі. Тек талаптар орындалмаған жағдайда ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бақылау барысында зертханалық және құралдық зерттеулер де жүргізіледі.

Кәсіпкер өз құқығын білуі тиіс

Кеңес төрағасы Игорь Шацкийдің айтуынша, бүгінгі басты міндет - кәсіпкерге тексерістің қай кезде заңды, ал қай кезде оның құқығын бұзатынын нақты түсіндіру.

Өйткені бизнесті қорғаудың ең тиімді жолы - өз құқығын білу және заңды талап ету. Ал бақылау жүйесі өзгеріп жатқан кезеңде мұндай кездесулер кәсіпкерлер үшін жай талқылау алаңы емес, нақты қорғаныш тетігіне айналып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -