Қазақстанның өңірлеріндегі өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін, азаматтық жауапкершілікті және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдың практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Жас құтқарушы» жобасын белсенді түрде жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Абай облысында Жаңасемей ауданының білім бөлімі «Шүлбі жалпы орта білім беретін мектебі» КММ базасында «Жас құтқарушы» атты кезекті сынып ашылды. Сынып жұмысы аясында оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін, өрт қауіпсіздігі талаптарын, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін меңгереді. Жоба тәртіпті, жауапкершілікті және төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындықты дамытуға бағытталған. Сыныптың ашылуы жастарды патриоттық және азаматтық тұрғыда тәрбиелеудегі маңызды қадам әрі еліміздің қауіпсіз болашағын қалыптастыруға қосылған үлес болды.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында «Болашақ сарайының» ашылуы аясында да жас құтқарушылар сыныбы құрылды. Оның қызметі балалар мен жасөспірімдерді жеке және қоғамдық қауіпсіздік дағдыларына үйретуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және қауіп төнген жағдайда дұрыс әрекет етуге бағытталған. Сабақтар теориялық дайындықпен қатар өрт қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар бойынша практикалық жаттығуларды қамтиды. Бұл оқушыларға алған білімдерін шынайы жағдайларға барынша жақын ортада бекітуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Түркістан облысында «Жас құтқарушы» қозғалысының қатысушылары болып табылатын «Nomad School» және «Green School» мектептерінің оқушылары үшін Төтенше жағдайлар департаментіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар Жоспарлау және жедел басқару орталығының жұмысымен, өрт сөндіру бөлімшелерінің күнделікті қызметімен танысып, құтқарушылар мұражайын аралады. Балаларға заманауи өрт сөндіру және жол талғамайтын құтқару техникасы, арнайы қорғаныш киімдері мен жабдықтар көрсетіліп, оларды қолдану тәртібі түсіндірілді. Экскурсияға қатысушылар жоғары қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Жас құтқарушы» жобасы патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етіп, жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттырады және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін абыройлы істі таңдауда алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.