Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түнгі профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мониторинг барысында түнгі уақытта жасөспірімдердің баруы мүмкін компьютерлік клубтарға ерекше назар аударылды. Бұл туралы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Мониторингті қалалық комьюнити орталықтардың резиденттері мен қоғам өкілдері Алматы қаласы Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақытта қоғамдық орындарда болуын реттейтін заңнама талаптарының сақталуын бақылау, сондай-ақ жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Рейд аясында Lord, BRO, Vernyi, DarkNet және өзге де компьютерлік клубтар тексерілді. Мониторинг қорытындысы бойынша заңды өкілсіз жүрген кәмелетке толмағандар анықталған жоқ.
«Рейд барысында полиция қызметкерлері компьютерлік клубтарда заңды өкілсіз жүрген бірде-бір жасөспірімді анықтаған жоқ. Мұндай фактілер тіркелген жағдайда кәмелетке толмағандар Алматы қаласының Әуезов ауданы Полиция басқармасына жеткізіліп, ата-аналары немесе қамқоршылары шақырылатын еді. Ал 22:00-ден кейін жасөспірімдердің болуына жол берген мекеме иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деді Алматы қаласы Әуезов ауданы комьюнити орталығының директоры Бауыржан Маханбет.
Сондай-ақ, ол компьютерлік клубтарда, қоғамдық кеңістіктерде және сауда-ойын-сауық орталықтарында профилактикалық рейдтер ай сайын, тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
«Өткен жылмен салыстырғанда қаңтар айы оң көрсеткішпен басталды, құқықбұзушылық тіркелген жоқ. Дегенмен кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жауапкершілікті үнемі еске салу маңызды», — деді ол.
Еске салайық, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілсіз тұрғын үйден тыс жерде болуға тыйым салынады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілсіз жүруіне тыйым салынады.