Абай ілімі – ұлттық болмыстың өзегі: ҚазҰУ-де 180 жылдықтың қорытындысы шығарылды

979
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытындысын талқылауға бағытталған Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын Абай мұрасын заманауи қоғамда жаңаша зерделеу, оны білім беру мен ішкі саясаттың нақты құралына айналдыру мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Отырыста ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Махан, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, ғылыми және қоғамдық орта өкілдері қатысты.

Абай ілімі – ұлттық бірегейліктің өзегі

Ғылыми кеңесті ашқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университет қабырғасында Абайдың 180 жылдығына орай атқарылған ғылыми, мәдени және ағартушылық жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін еске салды:

«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс».

Осы ұстанымға сай ҚазҰУ-де «Абайдың кісілік кодексі» және «Абай ілімі» атты оқу пәндері әзірленіп, білім беру үдерісіне енгізілді. Университет ғалымдары дайындаған «Абайдың кісілік кодексі» оқу корпустары мен жатақханаларға орналастырылып, бұл тәжірибені басқа жоғары оқу орындары мен мектептерге тарату ұсынылды.

Абайтану: кітаптан цифрлық базаға дейін

ҚазҰУ базасындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда:

  • «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясының 1–50 томы,
  • «Абайтану антологиясы» сериясының 1–10 томы жарық көрді,
  • сондай-ақ «Абайтану антологиясы» атты цифрлық интеллектуалдық ресурстар базасы қалыптастырылды.

Бұл жобалар Абай мұрасын тек академиялық ортада емес, кең қоғамға қолжетімді етуге бағытталған.

«Толық адам» тұжырымдамасы – білім берудің негізі

Ғылыми кеңесте сөз сөйлеген ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бүгінгі таңда Қазақстандағы 127 жоғары оқу орнында 727 мыңнан астам студент білім алып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, университеттің басты миссиясы – Абай философиясына сай «толық адамды» тәрбиелеу.

«Мектепте адал азаматтың негізі қаланса, университетте ол тұлға ретінде қалыптасады. Осы жолда Абайдың философиясы ерекше маңызға ие», – деді вице-министр.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Абай шығармашылығын қазіргі заман талаптарына сай зерделеу және оның философиялық, этикалық ойларын оқу бағдарламаларына жүйелі енгізу қажеттігін атап өтті.

Абай және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістігі

ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Махан Абайдың кісілік кодексі тек студенттерге емес, мектеп оқушыларына да бағытталуы тиіс екенін айтты.

Ол сондай-ақ қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуына тоқталып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша уикипедияда қазақ тілінде 3000-нан астам жаңа мақала жарияланғанын, бұл жұмысқа бірқатар жоғары оқу орындарының қатысып жатқанын жеткізді.

Абай идеялары және «Әділетті Қазақстан»

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Абайдың жауапкершілік, еңбек адамы туралы ойлары «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасымен толық үндес екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Алматы қаласында Абайдың 180 жылдығына орай философиялық-рухани, мәдени-ағартушылық және тәрбиелік бағыттарды қамтыған кешенді жоспар жүзеге асырылып, ғылыми конференциялар мен форумдар өткізілген.

Интеллектуалдық мұра – ұлттық ресурс

Ғылыми кеңес қорытындысы бойынша ҚазҰУ-де әзірленген:

  • «Абайтану антологиясы» электронды базасы,
  • «Абай ілімі» оқу пәні,
  • Абайдың кісілік кодексі,
  • Абай таксономиясы университеттің зияткерлік меншігі ретінде бекітілді.

Сонымен қатар бұл әзірлемелер Қазақстанның ішкі саясатының негізгі құндылықтарын іске асыратын инновациялық құралдар ретінде танылып, оларды білім берудің барлық деңгейінде және қоғамдық-мәдени кеңістікте кеңінен қолдану жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -