Қазақстанда академиялық адалдық абстрактілі ұран болудан қалып келеді

1001
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанның білім беру жүйесінде адалдық пен әділдік мәселелері декларативті деңгейден нақты қадамдарға өте бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.

23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде жұмыс кеңесі өтіп, онда 2026–2027 жылдарға арналған білім беру саласында академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі Меморандумның Жол картасы іс жүзінде қалай жүзеге асатыны талқыланды. Әңгіме мектептер мен колледжлерден бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейлерді қамтыды.

Талқылауға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Академиялық адалдық лигасының өкілдері, білім беру саласына жауапты облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің бірінші басшылары қатысты. Кездесу форматы барынша практикалық болды — жалпы сөзден гөрі нақты іске басымдық берілді.

Құжаттардан — нақты өзгерістерге

Күн тәртібіндегі басты мәселе — Меморандумда көзделген тетіктердің мектептерде, колледждерде және университеттерде нақты қалай жұмыс істейтіні. Кеңес барысында білім беру ортасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, білім алушылар мен педагогтер арасында антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ академиялық адалдықты білім беру жүйесінің барлық деңгейінде нығайту жолдары талқыланды.

Профилактика мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың ортақ пікірі бір арнаға тоғысты: заңбұзушылықтармен тек салдарын жою арқылы күресу жеткіліксіз. Ең маңыздысы — көшіру, плагиат пен білімді формалды бағалау тек қауіпті ғана емес, қоғам үшін қабылдауға болмайтын құбылысқа айналатын орта қалыптастыру.

«Адал білім – адал ұрпақ» — бастау нүктесі

Еске сала кетсек, Меморандум 2025 жылғы 9 желтоқсанда «Адал білім – адал ұрпақ» атты білім берудегі академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі республикалық форумда қабылданған болатын. Сол кезде мемлекеттік органдар мен кәсіби қауымдастық өкілдері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және білім беру процесіне қатысушылардың барлығының жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірлескен қадамдар жөнінде келіскен еді.

Енді бұл келісімдер 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы арқылы нақты мазмұнға ие болып отыр. Құжатта басқарушылық шешімдерден бастап, білім алушылардың құндылықтары мен ұстанымдарымен жұмыс істеуге дейінгі нақты шаралар, мерзімдер мен жауапты орындаушылар айқындалған.

Адалдық — білім берудің жаңа нормасы

Мәселе тек заңбұзушылықтармен күресуде емес, білім беру философиясын түбегейлі өзгертуге ұмтылуда. Адалдықты, жауапкершілікті және әділдікті ерекшелік емес, қалыпты құндылыққа айналдыру — әрі студенттер мен оқушылар, әрі оқытушылар мен әкімшілік үшін ортақ талап болуы тиіс.

Бүгінде бір ой жиі айтылады: академиялық адалдықсыз білім сапасы, дипломға деген сенім және қазақстандық түлектердің бәсекеге қабілеттілігі туралы сөз қозғау қиын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен кеңес бұл тақырыптың жекелеген оқу орындарының шеңберінен шығып, елдің жүйелі дамуына қатысты маңызды мәселеге айналғанын көрсетті.

Меморандумның қаншалықты тиімді жүзеге асатыны алдағы жылдары белгілі болады. Алайда сөзден іске көшу фактісінің өзі білім беру жүйесі үшін маңызды әрі оң сигнал ретінде бағаланып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -