Мәди Мырзағараев Конституцияда адвокатураның мәртебесін бекітуді тарихи қажеттілік деп атады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанада өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев жеке бас бостандығын қорғауға қатысты маңызды бастамалар көтерді. Ол сот санкциясынсыз ұстау мерзімін қысқарту және адвокатура институтының конституциялық мәртебесін қайта бекіту қажеттігін мәлімдеді.
Жеке бас бостандығы – негізгі құндылық
Мәди Мырзағараевтың айтуынша, жеке бас бостандығы – барлық өзге құқықтардың негізі. Сондықтан бұл қағидат Конституцияда нақты тетіктермен қамтамасыз етілуі тиіс.
Ол қазіргі қылмыстық процесте уақытша ұстау мерзімінің ұзақтығы адам құқықтарына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Технологиялық мүмкіндіктер дамыған қазіргі жағдайда бұл тәжірибені қайта қараудың уақыты келгенін айтты.
72 сағаттан 48 сағатқа дейін
Адвокаттар алқасының төрағасы уақытша ұстаудың өзі айрықша әрі мәжбүрлі шара екенін, сондықтан ол мейлінше қысқа мерзіммен шектелуі тиіс екенін атап өтті.
«Ең бастысы – адамды сот қарауына мүмкіндігінше тез жеткізу. Қазіргі технологиялар дамыған заманда материалдарды сотқа ұсыну үшін ұзақ уақыт қажет емес. Негізгі тергеу әрекеттері алғашқы тәуліктің өзінде-ақ атқарылады. Сот бақылауын ертерек іске қосу азаматқа да, мемлекетке де тиімді», – деді ол.
Осыған байланысты Мәди Мырзағараев халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, Конституцияда сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды.
Оның айтуынша, сот санкциясы – тергеудің заңдылығының басты кепілі және қоғам сенімінің тірегі.

«Миранда қағидасы» және адвокаттың рөлі
Сөз барысында Мәди Мырзағараев халықаралық деңгейде мойындалған «Миранда қағидасына» да тоқталды. Бұл қағидаға сәйкес, азамат тағдыры шешілетін алғашқы минуттардан бастап өз құқықтарын білуге тиіс.
Ал сол құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы – кәсіби адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы.
Осы тұста ол адвокатура институтының қазіргі құқықтық мәртебесіне назар аударды. Конституцияда білікті заң көмегіне құқық бекітілгенімен, сол көмекті қамтамасыз ететін негізгі институт – адвокатураның өзі Ата заң мәтінінде нақты аталмай қалғанын айтты.
Тарихи олқылықты түзейтін сәт
Мәди Мырзағараев Қазақстанда адвокатураның бұрын конституциялық мәртебесі болғанын еске салды. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформалар кезінде адвокатураның Конституциядан тыс қалуы – тарихи олқылық.
«Адвокатура – жай ғана кәсіби қауымдастық емес. Ол – құқықтық мемлекеттің ажырамас тірек институты. Сондықтан оның мәртебесін жай заңдармен емес, Конституция деңгейінде бекіту – табиғи әрі әділ шешім», – деді ол.
Конституциялық реформа – тарихи мүмкіндік
Сөз соңында Мәди Мырзағараев қазіргі Конституциялық реформаны адвокатураның мәртебесін қайта орнына келтіретін тарихи мүмкіндік деп атады.
Оның айтуынша, адвокатураның құқықтық мәртебесін Конституцияда бекіту:
- мемлекеттің жариялаған бағытына,
- Президент айқындаған стратегиялық бағдарға,
- қоғамның әділет пен заң үстемдігіне деген сұранысына толық сәйкес келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныстар жүзеге асса, азаматтардың құқықтық қорғалуы күшейіп, сот жүйесіне деген сенім арта түсуі мүмкін.