«Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы білім жүйесіндегі діни ықпал ұлт болашағына қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанада өткен Конституциялық комиссияның отырысында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы білім беру мен мәдениет саласындағы зайырлылық қағидаты Ата Заңда нақты әрі айқын көрініс табуы тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – қазақ зиялылары қалыптастырған рухани дәстүрдің және өркениетті дамудың талабы.
Зайырлы құндылық – өркениеттің темірқазығы
Дихан Қамзабекұлы мемлекеттік білім мен тәрбие жүйесі зайырлы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйенуі тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, дамудың даңғыл жолына түскен алдыңғы қатарлы елдердің барлығы дәл осы қағидатты ұстанған және ұстанып келеді.
Білім мен мәдениеттегі зайырлылық – қоғамды біріктіретін, ортақ құндылық қалыптастыратын басты негіз. Ал бұл қағидаттың әлсіреуі ұлттың рухани тұтастығына тікелей соққы болады.
Қоғамда пайда болған қауіпті үрдістер
Сөз барысында спикер соңғы жылдары қоғамда байқалған алаңдатарлық құбылыстарға тоқталды. Оның айтуынша, кейінгі ширек ғасырда сыртқы белгілерімен ерекшеленетін, бірақ мазмұны күмәнді діни ағымдардың ықпалы күшейіп кетті.

«Қаладан далаға дейін қарашұбар жамылғы, келте балақ, қауға сақал мен селдір сақал қаптады. Қазақтың иманды, тәрбиелі, білімді ортасын дүдамал діл басып алғандай күй кештік. Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлт дәстүрін тәрк еткен діндарсымақтар пайда болды», – деді Дихан Қамзабекұлы.
Оның айтуынша, ең қауіптісі – мұндай көзқарастағы адамдар өз ұрпағын да жат бағытта тәрбиелеуге көшкен.
Сирия трагедиясы – ащы сабақ
Дихан Қамзабекұлы Сирияға соғысқа кетіп, адасқан азаматтардың тағдыры мен «Жусан» операциясы аясында елге оралған жандардың көз жасы қоғам үшін үлкен сабақ болуы тиіс екенін айтты.
Бұл оқиғалар радикалды идеялардың қандай қайғылы салдарға әкелетінін анық көрсетті. Сондықтан мұндай қателіктерді қайталамау үшін алдын алу тетіктері ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітілуі қажет.
Мәселе бір дінде ғана емес
Спикер діни экспансия тек мұсылман әлеміне ғана тән құбылыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, христиандық ортада да, өзге конфессиялар арасында да білім жүйесіне ықпал етуге ұмтылыс бар.
«Әртүрлі ірілі-ұсақты, мүләйімсіген конфессиялардың білім саласына кіруге талпынып жүргені жасырын емес. Дегенмен қазір жағдай біртіндеп түзеле бастады», – деді ол.
Осы тұрғыда Дихан Қамзабекұлы Конституцияда зайырлылық қағидатын нақты бекіту бұл түйткілді жүйелі әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Неге дәл қазір маңызды
Сарапшылардың пікірінше, білім мен мәдениеттегі зайырлылықты Конституция деңгейінде нақтылау – тек құқықтық мәселе емес. Бұл ұлттық қауіпсіздікке, ұрпақ тәрбиесіне және қоғамның рухани тұтастығына тікелей қатысты.

Ал Конституциялық реформа – осы мәселелерді ашық көтеріп, болашақ үшін нақты шешім қабылдайтын тарихи мүмкіндік.