Заңгер Конституциялық комиссияның отырысында қазіргі Ата заңдағы мағыналық қателерге назар аударды

1155
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

ҚазГЗУ басшысы Ата Заңдағы терминологиялық алшақтық құқық қолдануға кері әсер ететінін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астанада өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Конституция мәтінінің тілдік нұсқалардағы бірізділігі мен нақтылығы мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл тақырып тек лингвистикалық емес, тікелей құқықтық маңызы бар мәселе.

Ғалымдар көптен бері айтып келеді

Талғат Нәрікбаевтың сөзінше, университет профессорлары мен отандық ғылыми қауымдастық Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтінінде терминологиялық бірізділіктің жоқтығын, мағыналық бұрмалаулар мен аудармалар арасындағы сәйкессіздіктерді ұзақ жылдан бері көтеріп келеді.

Мұндай олқылықтар құқық қолдану тәжірибесінде ұғымдарды әртүрлі түсіндіруге жол ашып, конституциялық нормалардың біркелкі орындалуына кедергі келтіреді.

Бір сөз - бірнеше мағына

Спикер нақты мысалдар келтірді. Мәселен, қолданыстағы Конституцияда:

  • «заңды» сөзі 16 рет,
  • «құқылы» - 5 рет,
  • «құқығы бар» - 27 рет,
  • «құқығы жоқ» - 5 рет,
  • «хақысы жоқ» - 3 рет қолданылған.

Алайда бұл сөздер әрдайым бірдей құқықтық мағына бермейді.

«“Құқылы” термині бір жерде “в праве” мағынасында қолданылса, енді бір жерде “имеет право” ұғымын білдіреді. Ал бұл - құқықтық тұрғыдан екі түрлі конструкция», - деді Талғат Нәрікбаев.

Осыған ұқсас жағдай «қызмет» сөзіне де тән. Конституция мәтінінде бұл сөз:

  • «лауазым» мағынасында 31 рет,
  • «қызмет, іс-әрекет» ретінде 37 рет,
  • «функция» мағынасында 3 рет,
  • «қызмет, служба» ретінде 6 рет қолданылған.

Бір ұғым - екі түрлі аударма

Комиссия мүшесі Үкімет мүшелерінің жауапкершілігіне қатысты тағы бір мысалға назар аударды. Орыс тіліндегі «персонально отвечает» тіркесі қазақша мәтінде бір бапта «дербес жауап береді», ал басқа бапта «жеке-дара жауап береді» деп берілген.

Заңгердің айтуынша, мұндай айырмашылықтар Конституция сияқты негізгі құжатта болмауы тиіс.

Тұрақты құқықтық формулалардағы қателер

Сонымен қатар, кейбір тұрақты құқықтық ұғымдардың дұрыс берілмегенін атап өтті. Мысалы:

  • «өмір сүруге құқығы»
  • «ар-ождан бостандығына құқығы»

Дұрыс нұсқасы:

  • «өмір сүру құқығы»
  • «ар-ождан бостандығы құқығы»

Бұл ұсақ деталь болып көрінгенімен, құқықтық логика тұрғысынан аса маңызды.

«Қоғамдық имандылық» па, әлде «қоғамдық әдеп» пе

Тағы бір назар аударарлық мысал - «общественная нравственность» ұғымының қазақша нұсқасы. Қолданыстағы мәтінде ол «қоғамдық имандылық» деп аударылған.

«Біз оны “қоғамдық әдеп” деп өзгертуді ұсынамыз. Бұл түзету мемлекеттің зайырлы сипатын дәлірек көрсетеді», - деді Талғат Нәрікбаев.

Неге бұл маңызды

Спикер Конституция мәтінінің нақтылығы мен бірізділігі:

  • азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына,
  • мемлекеттік басқару жүйесінің сапасына,
  • конституциялық кеңістіктің тұтастығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мазмұн емес, дәлдік өзгереді

Сөз соңында Талғат Нәрікбаев ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияның мазмұнын қайта қарау емес екенін баса айтты.

«Бұл - құқықтық ұғымдарды біріздендіру, тілдік нұсқалар арасындағы терминологиялық алшақтықты жою. Яғни, Ата Заңның құқықтық дәлдігін күшейтіп, оның сапасын арттыру және азаматтар үшін түсініктірек ету», - деп түйіндеді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Конституциялық реформа аясында тілдік нақтылықты реттеу - құқықтық мемлекет қағидатын нығайтудың маңызды бөлігі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -