Қазақстанды аяз қысып тұр: 29 қаңтарда қай өңірлерде тұман, қар мен боран болады

737
Фотосурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда қыс мінезін әлі көрсетіп жатыр. «Қазгидромет» мәліметінше, 29 қаңтар, бейсенбі күні ел аумағында нағыз қаңтарға тән ауа райы сақталады. Солтүстікте қатты аяз, орталықта тұман, ал оңтүстікте қар, көктайғақ пен жаяу борасын күтіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Солтүстік пен орталық: аяз бар, бірақ жауын-шашын жоқ

Солтүстік және орталық өңірлерде ауа райы бірқалыпты, жауын-шашынсыз өтеді. Петропавл, Қостанай, Көкшетау мен Павлодарда ауыспалы бұлтты болады. Күндіз ауа температурасы -9…-11 градусқа дейін төмендеп, түнде -17…-22 градусқа жетеді.

Павлодарда тұман түседі, ал Петропавл мен Көкшетауда күндіз жел күшейеді. Қарағанды мен Жезқазғанда да жауын-шашынсыз, бірақ кей уақыттарда тұман байқалады. Астанада түн ерекше суық болады - ауа температурасы -22…-24 градусқа дейін төмендейді, түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Шығыс өңірлер: бұлтты әрі суық

Өскемен мен Семейде аспан бұлтты, жауын-шашын болмайды. Күндіз -8…-10, түнде -18…-20 градусқа дейін суытады. Ауа райы тыныш болғанымен, қатты суық пен бұлттылық күннің ызғарын күшейтеді.

Батыс: салыстырмалы түрде жұмсақ

Батыс аймақтарда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Орал, Ақтөбе мен Атырауда ауыспалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Күндіз -3…-10, түнде -22 градусқа дейін суытады. Ақтауда күндіз ауа температурасы 0…+2 градусқа дейін көтерілгенімен, түнде жел күшейіп, -5…-7 градусқа дейін салқындайды.

Оңтүстік: қар, көктайғақ және жаяу боран

Елдің оңтүстігінде ауа райы күрделене түседі. Тараз, Шымкент және Түркістанда қар жауып, тұман, көктайғақ және жаяу боран күтіледі. Күндіз ауа температурасы 0 градус маңында болса, түнде -6…-8 градусқа дейін төмендейді.

Қызылордада түнде аздаған қар жауып, көктайғақ пен тұман болады. Күндіз -1…-3, түнде -10…-12 градус.

Оңтүстік-шығыс: жауын-шашынсыз, бірақ тұманды

Алматы, Қонаев және Талдықорғанда жауын-шашын болмайды. Дегенмен түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы 0…-2, түнде -6…-12 градусқа дейін төмендейді. Жолға шыққан жүргізушілерге сақ болған жөн, көріну қашықтығы нашарлауы ықтимал.

Синоптиктер ескертеді

Мамандар оңтүстік өңірлерде көктайғақ пен боранға байланысты сақ болуға шақырады. Ал солтүстік пен орталықта негізгі қауіп - қатты аяз бен тұман.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -