Тәуелсіздік жылдарындағы Конституцияның ең ауқымды реформасы: не белгілі

935
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда Конституцияға қатысты соңғы жылдардағы ең ауқымды реформа дайындалып жатыр. Бұл жолы мәселе жекелеген баптарды түзету туралы емес. Әңгіме – Ата заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізу жайында. Сарапшылар мұны Конституцияның іс жүзінде жаңа редакциясы деп бағалап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Оның айтуынша, құжат мемлекеттің құқықтық іргетасын қайта қарауға бағытталған.

Жобаның артында кімдер тұр

Маңыздысы – бұл жоба тек билік өкілдерінің немесе жекелеген сарапшылардың ғана ұсынысына сүйеніп әзірленбеген. Құжатты дайындау барысында:

  • азаматтардың,
  • саяси партиялардың,
  • қоғамдық ұйымдардың,
  • құқық саласындағы мамандардың ұсыныстары ескерілген.

Яғни, жоба қоғамнан түскен пікірлердің негізінде қалыптастырылған.

Жаңартылған Конституция қандай болады

Бақыт Нұрмұхановтың мәліметінше, жаңартылған Конституция жобасы құрылымдық тұрғыда да айтарлықтай өзгерген.

Жобада:

  • Преамбула сақталады,
  • 11 бөлім,
  • 104 бап қарастырылған.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – Конституцияға екі жаңа бөлімнің енгізілуі:

  • «Халық кеңесі»,
  • «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».

Сонымен қатар, төрт бөлімнің атауы өзгертілген. Ал жалпы алғанда, өзгерістер Ата заңның барлық бөлімін қамтып отыр. 77 бапқа түзету енгізілген, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызы.

Бұл жай ғана түзету емес

Конституциялық комиссия мүшесінің айтуынша, ұсынылған өзгерістердің маңызы ерекше.

«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі мұқият ойластырылған қадам. Олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Жиынтық жоба қазір де пысықталып жатыр. Онымен қатар білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтары жұмыс істеуде. Негізгі мақсат – құқықтық нормаларды барынша анық, түсінікті әрі бірмәнді ету.

Мамандар мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, түрлі түсінуге болатын тұстарды болдырмауға ерекше назар аударған.

Мемлекеттік билік қалай өзгереді

Жобада ұсынылған конституциялық новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздеріне тікелей қатысты. Олар Ата заңның сыртқы ғана емес, ішкі мазмұнын да түбегейлі өзгертуді көздейді.

Басты өзгерістердің қатарында:

  • адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерінің күшеюі,
  • бір палаталы Парламенттің жаңа моделі,
  • азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі,
  • Конституциялық соттың құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлінің артуы бар.

Бұл ретте президенттік басқару формасы сақталады, алайда мемлекеттік биліктің ұйымдасуы айтарлықтай өзгереді.

Мемлекеттің миссиясына жаңа көзқарас

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттің рөлін де жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Конституциялық новеллалар:

  • мемлекеттің миссиясын,
  • оның функцияларының мазмұнын,
  • мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас қағидаттарын қайта пайымдауға жол ашады.

Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарын ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға кеңінен тарту көзделіп отыр.

«Бұл Конституция мазмұнының жаңаруы мен түбегейлі өзгеруі туралы айтуға толық негіз береді», – деп түйіндеді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Неліктен бұл маңызды

Ата заң – мемлекеттің тірегі. Ал оның 84 пайызына өзгеріс енгізу Қазақстанның саяси және құқықтық дамуы үшін жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бұл реформа Конституцияны тек заманауи талаптарға сай етіп қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығаруды мақсат етеді.

Алдағы уақытта бұл өзгерістердің қалай жүзеге асатынын және олардың ел өміріне нақты қалай әсер ететінін қоғам жіті бақылап отырмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -