Бұл тек түзету емес, жаңа мағына: Ерлан Қарин Конституция туралы

946
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстандағы конституциялық реформа Ата заңға жекелеген түзетулер енгізумен шектелмейді. Бұл – мемлекеттің даму философиясын, құндылықтық бағдарын және қоғаммен өзара қатынасының жаңа моделін айқындайтын терең өзгеріс. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бесінші отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының мазмұндық ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтығанымен, басты мәселе баптардың санына емес, жаңа Конституцияның идеялық өзегіне тіреледі. Себебі дәл осы мазмұн мемлекеттің негізгі құндылықтарын, қоғамдық дамудың бағыт-бағдарын айқындайды.

Жаңа Преамбула – жаңа дәуірдің айнасы

Ерлан Қарин ең алдымен Конституцияның Преамбуласына назар аударды. Ол бұл бөлімде бұрынғы мәтінге формалды түзетулер енгізу емес, мүлде жаңа мағыналық құрылым қалыптасқанын атап өтті.

«Мұның айқын дәлелі – Преамбула. Әңгіме бұрынғы мәтінді жеңіл түзету туралы емес. Комиссия талқылауына ұсынылған нұсқа Президенттердің жуырда жарияланған бағдарламалық тезистерінің негізінде әзірленді. Мағынасы мен ішкі рухы жағынан бұл – түбегейлі жаңа Преамбула», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланған. Ал бірлік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде айқындалады.

«Әділет, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналды. Енді бұл құндылықтар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр», – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, Преамбулада Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи жолы мен өркениеттік бастаулары нақты әрі айқын көрсетілген.

«Қысқасы, бұл жекелеген сөйлемдерді немесе тыныс белгілерін өзгерту емес. Жаңа Преамбула біздің тарихи тамырымызды құндылық ретінде айқындайды, қазіргі даму кезеңінің негізгі қағидаттарын нақтылап, болашаққа бағыт береді», – деді ол.

Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы

Жаңа Конституцияның мазмұндық өзегіне тоқталған Ерлан Қарин оның басты идеясы ретінде білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны атады. Бұл – мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, азаматтардың әлеуетімен айқындалатынын көрсететін түбегейлі бетбұрыс.

«Осылайша, жаңа Конституция “мемлекет не үшін және кім үшін өмір сүреді?” деген негізгі сұраққа жауап береді», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Бұл тәсіл мемлекет азаматтың дамуына, білім алуына және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға міндетті екенін айқын көрсетеді.

Цифрлық кеңістіктегі құқықтар алғаш рет бекітілді

Жаңа Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау. Ерлан Қариннің айтуынша, бұл норма Ата заңда алғаш рет көрініс тауып отыр.

«Бүгінгі таңда жеке деректерді қорғау – адам құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейі ретінде қарастырылады. Бұл жаңа Конституция мәтінінің болашаққа бағдарланғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Ата заңымыз алдағы уақытта басқа елдер үшін де үлгі бола алады», – деді ол.

Құқықтар – декларация емес, нақты кепілдік

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Конституцияның тек Преамбуласында ғана емес, бүкіл мәтінінің мағыналық өзегіне айналған.

«Адам құқықтары мен бостандықтары туралы бөлім жай декларациялар жиынтығы емес, жаңа құқықтық тетіктер мен кепілдіктерге сүйенген тұтас жүйеге айналды», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Конституцияда адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл – адвокаттар қауымдастығының ұзақ жылдан бері көтеріп келген орынды сұранысына берілген жауап.

Зайырлылық пен дәстүрлі құндылықтардың тепе-теңдігі

Жаңа Конституция мәтіні қоғам санасындағы терең өзгерістерді де көрсетеді. Ерлан Қарин қоғамдағы маңызды сұраныстардың бірі – дін мен мемлекетті нақты ажырату екенін атап өтті.

«Қоғамның маңызды сұраныстарының бірі – дін мен мемлекеттің аражігін нақты айқындау. Жаңа Конституцияда мемлекеттің зайырлы сипаты бірмәнді түрде бекітіледі», – деді ол.

Сонымен қатар, білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты айқындалып, неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі.

«Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, ол әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Дәстүрлі құндылықтарды қорғау адам құқықтарын шектемейді, керісінше, олармен үйлесім табады», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Конституция тілі де жаңарады

Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның 1995 жылы қабылданғанын және сол кезеңнің терминологиясын сақтап қалғанын атап өтті. Сондықтан жаңа мәтінде бірқатар ұғымдар қайта қаралады.

Оның айтуынша, «телеграф», «сословиелік араздық» сияқты бірқатар терминдер бүгінгі шындыққа сай келмейді және анахронизмге айналған.

Соған қарамастан, ол қолданыстағы Конституцияның тарихи рөлін ешкім жоққа шығармайтынын атап өтті.

«Керісінше, қолданыстағы Конституция еліміздің дамуына зор серпін берді және бүгінгі жетістіктеріміздің берік негізі болды», – деді Ерлан Қарин.

Алға ұмтылған мемлекеттің Ата заңы

Сөзінің соңында Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттілігін, халықаралық беделін және адам капиталына, білімге, ғылым мен инновацияға басымдық беретін стратегиялық бағытын айқын көрсететінін айтты.

«Қысқасы, жаңа Конституция еліміздің алға қойған үлкен жоспарлары мен биік мақсаттарын айқындап, тек болашаққа қарай ұмтылған мемлекет бейнесін көрсетуі тиіс», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -