Соңғы күндері Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың біріне айналды. Бұл – тек заңгерлер мен саясаткерлердің емес, қарапайым азаматтардың да көкейіндегі сұрақ. Конституциялық реформаның әр қазақстандық үшін неге қажет екенін Конституциялық комиссияның кезекті отырысында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, бүгінгі басты міндет – өзгерістердің мәнін халыққа ашық әрі түсінікті жеткізу.
Заң мен әділдік – мемлекеттің тірегі
Жақып Асанов өз сөзінде қазақ ойшылдарының мұрасына арнайы тоқталды. Ол заң мен әділдіктің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
«Абай ғұлама заң мен әділдікке көп мән берген. Сөздерінің төркіні: заң дұрыс жұмыс істемесе, әділдік әлсірейді, ал әділдік әлсіресе, қоғамның іргесі сөгіліп, елдің берекесі қашады. Бауыржан Момышұлы осыны: “Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды” деп түйіндеген. Яғни Заң мен Тәртіп елді сақтау үшін, жұртты ұйыстыру үшін, әр адамның құқығы мен шегін нақтылау үшін керек», – деді ол.
Сенат Төрағасының орынбасарының айтуынша, осы қағидаттардың түп негізінде заң үстемдігі жатыр. Ал заң үстемдігінің өзегі – Конституция.
Конституция – халық пен мемлекет арасындағы келісім
Жақып Асанов Конституцияны жай ғана құқықтық құжат емес, қоғам мен мемлекеттің арасындағы негізгі келісім деп атады.
«Конституция, ең алдымен еркіндігімізді, ар-намысымызды, меншігімізді қорғайтын құқықтық қалқан. Екіншіден – әрқайсысымызға білім алуға, емделуге, еңбек етуге, кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Үшіншіден – заң алдында бәрі тең қағидасын бекітіп, әділ қоғамның ортақ стандартын орнықтырады», – деді ол.
Осы себепті, оның пікірінше, Конституциялық реформа елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін қажет.
Жаңа преамбулада не айтылуы тиіс
Жақып Асанов қазіргі әлемдік жағдайдың күрделі әрі тұрақсыз екенін атап өтіп, мұндай кезеңде Негізгі заңда мемлекеттің кім екені мен қандай құндылықтарға сүйенетіні анық жазылуы тиіс екенін айтты.
«Конституцияның алғашқы бетін ашқаннан-ақ бағытымыз да, ұстанымымыз да, мемлекет ретінде болмысымыз да анық көрініп тұрғаны маңызды. Екіншіден, біз кеше ғана пайда болған ел емеспіз. Тамыры терең Ұлы Дала өркениетінің заңды мұрагеріміз. Бұл жер бізге оңай келген жоқ. Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған. Осы жер – бізге мұра болып қалған ең қастерлі құндылық. Сондықтан жаңа преамбулада осы аманат дәл әрі салмақты көрсетілген деп санаймын», – деді ол.
Сонымен қатар, Конституцияда Қазақстанның біртұтас, унитарлы мемлекет екені, жерінің бөлінбейтіні мен шекарасының мызғымас екені нақты бекітілгені еске салынды. Бұл – ел қауіпсіздігінің негізі әрі баршаны біріктіретін ортақ ұстаным.
Қоғам өзгерді, мемлекет те өзгеруі тиіс
Сенат Төрағасының орынбасары қоғам санасының өзгергенін және азаматтардың мемлекетке қоятын талаптарының артқанын да атап өтті.
«Қоғамның санасы өзгерді, азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талабы күшейді. Демек, мемлекет те заман көшінен қалмай, басқару жүйесін жаңартып, азаматтардың құқығын бұрынғыдан да берік қорғауға міндетті. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған өзгерістерді толық қолдаймын», – деді Жақып Асанов.
«Жалақы қашан өседі?» деген сұраққа жауап
Оның айтуынша, Конституциялық реформаға қатысты азаматтардан көптеген сұрақ келіп түсуде. Кейбіреулер тіпті жалақы мен зейнетақы туралы да сұрайды.
«Конституцияның тікелей мақсаты “ертең-ақ жалақыны көтеру” емес. Оның мақсаты – әділ ереже орнату: ұрлыққа жол бермейтін, әділетсіздікке тосқауыл қоятын, халық қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін, лауазымына қарамай бәріне бірдей жауапкершілік жүктейтін жүйе қалыптастыру. Дәл осындай жүйе ғана ұзақ мерзімде өмір сапасын жақсартып, табыстың өсуіне жол ашып, қазақстандықтарға мол мүмкіндік береді», – деп түйіндеді ол.
Қысқасы, Конституциялық реформа – бүгінгі табыс туралы емес, ертеңгі әділдік туралы. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтіп, елдің болашағын берік етуге бағытталған. Дәл осы себепті бұл өзгерістер әр азаматқа тікелей қатысты.