Бар-жоғы 1500 теңге: Қазақстанда тұрғын үйді онлайн сақтандыру іске қосылды

891
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Horia Ionescu's Images/DKNews.kz

Қазақстанда тұрғын үйді сақтандыру бұрынғыдан да оңай әрі қолжетімді бола түсті. Freedom Insurance АҚ қатысқан жаңа жоба аясында қазақстандықтар енді тұрғын үйін eGov Mobile мемлекеттік сервисі арқылы онлайн сақтандыра алады. Бұл үшін сақтандыру компаниясының кеңсесіне барудың немесе жеке сайтына кірудің қажеті жоқ — барлық рәсім электрондық мемлекеттік қызметтер платформасында жүзеге асады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жаңашылдық сақтандыруды күнделікті цифрлық әдетке айналдыруды көздейді.

Қандай тәуекелдер қамтылады

Жобаның алғашқы кезеңінде сақтандыру полисі тұрмыста ең жиі кездесетін тәуекелдерді қамтиды:

  • өрт
  • жарылыс
  • тұрғын үйді су басу

Сақтандыру жазылым форматында рәсімделеді. Ай сайынғы жарна 1500 теңге.

Егер сақтандыру жағдайы орын алса, тұрғын үй иесі 500 000 теңгеге дейін өтемақы ала алады:

  • 250 000 теңгеге дейін — өз мүлкіне келген шығынды өтеуге
  • қалған бөлігі — егер оқиға сіздің пәтеріңізден туындаса, көршілердің мүлкіне келтірілген залалды өтеуге бағытталады

Қазір кімдер пайдалана алады

Қазіргі таңда сервис 2024 жылдың 26 қаңтарынан кейін тұрғын үй сатып алған қазақстандықтар үшін қолжетімді.

Меншік құқығы толық рәсімделгеннен кейін, үй иесіне eGov Mobile қосымшасы арқылы сақтандыруды рәсімдеу туралы хабарлама келеді. Полисті рәсімдеу бірнеше минутты ғана алады және толықтай онлайн форматта жүргізіледі.

Келесі кезеңде бұл мүмкіндік жылжымайтын мүлікке бұрыннан иелік етіп келе жатқан азаматтар үшін де қолжетімді болады.

eGov Mobile арқылы қалай сақтандыруға болады

Сервис барынша қарапайым:

  1. eGov Mobile қосымшасына кіру
  2. «Хабарламалар» – «Ескертулер» бөліміне өту
  3. «Tumar Home» сақтандыруы туралы хабарламаны таңдау
  4. дербес деректерді өңдеуге келісім беру
  5. қажетті мәліметтерді толтыру
  6. сақтандыру компаниясын таңдау
  7. сақтандыру жарнасын төлеу

Төлем аяқталған соң, электрондық сақтандыру полисі қосымшадағы жеке құжаттар тізімінде бірден пайда болады.

Егер өрт, жарылыс немесе су басу сияқты жағдай орын алса, полисте көрсетілген сақтандыру компаниясына хабарласу жеткілікті.

Неге бұл маңызды

Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керимбаевтың айтуынша, бұл жоба — Қазақстандағы сақтандыру қызметтерінің цифрлануының нақты нәтижесі.

inalmaty.kz

Оның сөзінше, тұрғын үйді сақтандыру енді сенімді мемлекеттік онлайн-сервис арқылы қолжетімді болып, азаматтарға тәуекелдерден қорғануды жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Алдағы уақытта сервис дамып, сақтандырудың тиімділігін көпшілік өз тәжірибесінде бағалай алады.

Жоба «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бастамасымен және «Tumar» сақтандыру брокері ЖШС-мен бірлесіп іске асырылған.

Цифрлық сақтандыру — жаңа қалып

Өрт пен су басу — ең жиі кездесетін тұрмыстық төтенше жағдайлардың қатарында. Енді мұндай тәуекелдерден қорғану үшін көп уақыт та, күрделі рәсімдер де қажет емес.

eGov Mobile арқылы сақтандыру — бұл тұрғын үй иелері үшін ыңғайлы, арзан әрі түсінікті цифрлық қорғаныс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -