Алматы тауларында тағы бір қауіпті жағдай тіркелді.
Бұл жолы оқиға Богданович мұздығы маңында, теңіз деңгейінен шамамен 3500 метр биіктікте болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биікте жарақат алған турист
112 пультіне түскен ақпаратқа сәйкес, 1998 жылы туған Қытай азаматы таулы аймақта жарақат алған. Алдын ала деректерге қарағанда, турист әйелдің басынан соққы алып, қан кету байқалған. Жарақат салдарынан ол өздігінен төмен түсе алмаған.
Зардап шеккен әйел ҚХР азаматтарынан құралған үш адамдық туристік топпен бірге жүрген. Оқиға Медеу ауданы аумағында болған.

Құтқарушылар жедел жетті
Нақты геолокация анықталғаннан кейін оқиға орнына Алматы қаласының Әмбебап құтқару бөлімшесінің мамандары, Құтқару қызметі және ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы жедел түрде жұмылдырылды.
Құтқарушылар туристерге жетіп, жарақат алған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер жағдайды бағалай келе, оны шұғыл эвакуациялау туралы шешім қабылдаған.

Қараңғы түскенде басталған күрделі операция
Құтқару операциясы биік таулы аймақта және тәуліктің қараңғы уақытының басталуына байланысты айтарлықтай күрделене түскен. Соған қарамастан, заманауи жедел-құтқару техникасы мен реанимобильдің көмегімен шетелдік туристер төменге түсірілді.
Нәтижесінде жарақат алған азаматша Алматы қаласы медициналық мекемесіне жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Таудағы қауіп – ескертуге тұрарлық жағдай
Мамандардың айтуынша, Іле Алатауының мұздық аймақтары тәжірибесіз туристер үшін аса қауіпті. Ауа райының күрт өзгеруі, биіктік пен күрделі рельеф қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан құтқару қызметі тауға шығар алдында бағытты нақты жоспарлап, қажетті жабдықтарсыз және кәсіби гидсіз биік аймақтарға бармауға кеңес береді.
Бұл оқиға – Алматы тауларындағы қауіпсіздік мәселесіне тағы бір ескерту. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында адам өмірі аман қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram