«Ауыл» партиясы жаңа Конституцияны қолдады: не өзгереді және бұл ауыл үшін нені білдіреді

825
Фотосурет: Gov

Бүгін елордада «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын күн тәртібімен ғана шектелмей, елдің саяси болашағына қатысты маңызды пікірталас алаңына айналды. Партия мүшелері, Парламент депутаттары мен қоғам белсенділері Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасын талқылап, оны елдің саяси жаңғыру жолындағы тарихи қадам ретінде бірауыздан қолдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Бұл – түзетулер емес, жаңа көзқарас»

Отырысты ашқан партия төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Егізбаев жаңа Конституцияны «Әділетті Қазақстанның» құқықтық іргетасы және ел дамуының жаңа философиясы деп атады. Оның айтуынша, бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың заңды жалғасы болып табылады.

Серік Егізбаев жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл қадам партиялық жүйені жандандырып, ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғауды жаңа деңгейге шығарады.

– Біз үшін ең үлкен байлық – табиғи ресурстар емес, білімді, адал және бәсекеге қабілетті азамат. Жаңа Конституция осы құндылықтарға сүйенеді, – деді ол.

Құрылтай: бюрократия азая ма?

Жиын барысында саяси реформаның негізгі бағыттары бойынша жарыссөздер өтті. Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың тарихи маңызын атап өтті. Оның сөзінше, бір палаталы модель басқарудағы артық бюрократияны жойып, шешім қабылдау үдерісін ашық әрі тиімді етеді.

Ал партия ардагері Мынаутаубиік Әнесов Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесінің нақты бекітілуін және «Дін мемлекеттен бөлек» қағидатының айқындалуын жоғары бағалады. Ол бұл нормалар ұлттық құндылықтарды қорғаудың берік құқықтық негізі болатынын айтты.

Саяси жауапкершілік пен сабақтастық

Түркістан облыстық филиалының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі партиялардың жауапкершілігін арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ вице-президент лауазымының пайда болуы мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген пікірін білдірді.

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Ольга Клишина Халық кеңесінің рөліне тоқталды. Заң шығару бастамасына ие болатын бұл институтты ол билік пен қоғам арасындағы, әсіресе ауыл тұрғындары үшін тиімді «алтын көпір» деп сипаттады.

Референдум – халықтың тікелей таңдауы

Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа реформаның халықтық сипатына ерекше назар аударды. Ол Конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасын демократияның ең жоғары көрінісі деп атады.

– Жаңа редакцияда биліктің бірден-бір бастауы – халық екені нақты бекітіледі. Референдум арқылы әр азамат Ата заңның тағдырына тікелей ықпал етеді. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын әділетті жол, – деді ол.

Әйелдер мен жастарға мүмкіндік

Қостанай облыстық мәслихат депутаты Динара Ахметова әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның сақталуын маңызды шешім деп бағалады. Оның айтуынша, бұл норма ауылдағы белсенді жастар мен әйелдер үшін нақты әлеуметтік лифтке айналуы мүмкін.

Қорытынды үндеу

Жиын соңында «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан халқына және партияластарға арнайы Үндеу қабылдады. Онда азаматтарды ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәнін жан-жақты түсіндіруге және шындыққа жанаспайтын арандатушылық ақпараттарға ермеуге шақырды.

Партия өкілдерінің пікірінше, бұл реформа – тек саяси жүйені жаңарту емес, ауыл мен қоғам мүддесін алдыңғы қатарға шығаратын жаңа кезеңнің бастауы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -