Семей қаласындағы әскери бөлімде Әскери ант қабылдаудың ерекше салтанатты рәсімі өтті

1199
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Семей қаласында өткен әскери ант қабылдау рәсімі биыл көпшіліктің есінде ерекше сәттерімен қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде ұйымдастырылған салтанатты шара тек ресми міндетпен шектелмей, эмоцияға, мақтанышқа және адам тағдырын өзгерткен шешімдерге толы болды.

Бұл жолы сап түзегендердің қатарында 200-ден астам жас сарбазбен бірге жеті қыз да Отан алдындағы қасиетті антты қабылдады. Қыз-келіншектердің әскери сапта болуы – қазіргі Қазақстан армиясындағы жаңа үрдістің, тең мүмкіндіктің айқын көрінісі.

Батыр қыздардың жолын жалғаған Жанерке

Ант қабылдағандардың арасында қатардағы жауынгер Жанерке Ахметова да бар. Ол алдағы уақытта әскери бөлімде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бағытында аға маман болып қызмет атқарады.

Жанеркенің айтуынша, әскери ант – жай ғана рәсім емес, бұл адам өміріндегі үлкен жауапкершілік. Ол өзінің таңдауы батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігімен үндес екенін айтады.

«Отанға адал қызмет ету – мен үшін парыз. Батыр апаларымыздың жолын жалғау – үлкен абырой», – дейді ол.

Ант алаңы – ұсыныс жасалған сәт

Салтанатты шараның ең әсерлі тұстарының бірі – көпшілік күтпеген романтикалық көрініс болды. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген екі сарбаз дәл осы күні сүйіктілеріне сөз салды.

Әсіресе, Павлодар облысынан шақырылған қатардағы Виктор Петровтың әрекеті көпшілікті тебірентті. Ол саптық алаңның дәл ортасына шығып, сүйіктісі Анастасияға көптің көзінше тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасады. Жауап та көп күттірмеді – «иә» деді.

«Әскери ант – өмір бойы есте қалатын күн. Ал дәл осы күні сүйіктімнен келісім алу – мен үшін қос бақыт. Біз бір-бірімізді оқушы кезден танимыз, алда үлкен жоспарлар бар», – дейді Виктор.

Аймақтардан келген жас қорғаушылар

Ант қабылдаған сарбаздар Алматы, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған. Алдағы уақытта олар Семей қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі нысандарын күзетуге жұмылдырылады.

Салтанатты жиынға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары қатысты. Балаларының ер жетіп, ел қорғаны болғанын көрген ата-аналардың жүзінде мақтаныш пен толқу қатар байқалды.

Бұл күн – біреулер үшін әскери өмірдің бастауы, біреулер үшін махаббатқа жасалған алғашқы батыл қадам. Ал бәрі үшін ортақ мәні – Отанға адал қызмет етуге берілген серт.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -