Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің жай-күйі, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығы қаралды. Сондай-ақ «Talsim» жүйесінің болжамдық деректері мен «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелері таныстырылды. Қауіп деңгейі жоғары деп белгіленген өңірлердің есептері де тыңдалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңірлерде атқарылған жұмыстар
Су тасқынының алдын алу бағытында өңірлерде ауқымды инженерлік және инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілген. Қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды, дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделді және қайта салынды. Автомобиль және теміржол желілерінде су өткізу құрылыстары орнатылып, бірқатар өңірде көпірлерге күрделі жөндеу жасалды.
Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде арналарды тереңдету, жағалауларды бекіту, арналарды түзеу және су арналары мен өзен арналарының тазалау жұмыстары орындалды. Бұл шаралар көктемгі су көлемін қауіпсіз өткізуге бағытталған.
Қараша мен қаңтар айлары аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері барлық өңірді аралап, олардың су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындығын бағалады. Алдын алу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Көктемгі болжам және қауіп аймақтары
«Қазгидромет» ұсынған алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес, биыл көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты өңірлердегі су тасқыны қаупіне алдын ала талдау жүргізілген.
Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында алдын алу шараларын күшейту қажет екенін атап өтті.
Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіліп отыр. Өткен күздегі толассыз жаңбыр бірқатар өңірде жер бетінде мұз қыртысының қалыптасуына әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Сондықтан түрлі сценарийге дайын болып, барлық қажетті шараны алдын ала қабылдау маңызды. Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысына ерекше назар аудару қажет, өйткені бұл өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бар, — деді Қанат Бозымбаев.
Әкімдіктерге қойылған міндеттер
Вице-премьер барлық өңір әкімдіктеріне қажет болған жағдайда өзендерде жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізуді, су бұру арналары мен арықтарды, су өткізу құрылыстарын және нөсерлік кәріз жүйелерін тазалауды тапсырды. Қарды уақтылы шығару жұмыстары тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де ұйымдастырылуы тиіс.
Сонымен қатар су басу қаупі бар аумақтарда инертті материалдар, топырақ толтырылған қаптар қоры мен инженерлік техниканың резервін алдын ала дайындау қажеттігі атап өтілді.

Орталық мемлекеттік органдарға тапсырмалар
Экология министрлігіне ауа райы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп, жағдай күрделенген кезде мүдделі органдарға дабылды ескертулерді жедел жеткізу міндеттелді.
Су ресурстары министрлігіне су қоймаларын толтыру көлемдерін айқындап, оларды тұрақты бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда суды алдын ала әрі қауіпсіз ағызуды ұйымдастыру, сондай-ақ трансшекаралық су айдындары бойынша көршілес мемлекеттермен тұрақты ақпарат алмасуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Tasqyn» жүйесінде өңірлердегі ықтимал жағдайларды модельдеу, «Talsim» жүйесінің деректерін интеграциялау және су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерді нақты айқындау жүктелді.
Төтенше жағдайлар министрлігіне «Көктем-2026» оқу-жаттығуын алдын ала өткізу, су тасқыны жағдайы күрделенген кездегі іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау, сондай-ақ азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.

Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда халықты уақтылы эвакуациялау мәселелерін нақтылау, азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және тіршілікті қамтамасыз етуге қажетті басқа да қорларды алдын ала қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл, әсіресе, көлік қатынасы уақытша үзілуі мүмкін елді мекендерге қатысты.
Кеңес қорытындысында барлық мемлекеттік органдарға су тасқыны қаупі жоғары кезеңге толық дайындықты қамтамасыз ету және қабылданған шешімдердің нақты орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды.