Қазақстанда жарияланған жаңа Конституция жобасы дене шынықтыру мен спорт саласын ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған жүйелі өзгерістерге құқықтық негіз қалыптастырады. Құжат спортты тек нәтижеге емес, ғылымға, технологияларға және адами капиталға сүйенетін заманауи даярлау моделіне көшіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Спорт пен білімнің байланысы күшейеді
Жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым және адами капиталды дамыту мемлекеттік басымдық ретінде бекітілген. Бұл норма спорт саласы үшін ерекше маңызға ие.
Оның аясында:
- спортшыларды даярлауда ғылыми-әдістемелік тәсілдерді енгізу;
- спорт медицинасы мен спорттық талдауды дамыту;
- цифрлық шешімдерді қолдану;
- спорт саласына арналған заманауи білім беру бағдарламаларын кеңейту
сияқты бағыттарды жүйелі түрде іске асыруға жол ашылады.
Министр пікірі
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, ғылым мен білімнің конституциялық деңгейде бекітілуі спорт саласының даму логикасын түбегейлі өзгертеді.
«Ғылым мен білімнің рөлін конституциялық деңгейде бекіту бүкіл әлеуметтік саланың, соның ішінде спорттың да ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Біз үшін бұл нәтижеге білім, технологиялар және адами әлеуеттің тұрақты дамуы арқылы қол жеткізілетін, жүйелі әрі дәл есептелген спортшыларды даярлау моделіне көшу дегенді білдіреді», – деді министр.
Әділ спортқа құқықтық кепіл
Конституция жобасында құқық үстемдігі мен рәсімдердің ашықтығы негізгі қағидаттар ретінде айқындалған. Бұл спорт саласында:
- басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге;
- жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға;
- мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына
құқықтық негіз қалыптастырады.
Әділ бәсеке мен ашық шешімдер спорттық ортаның сенімді дамуына тікелей әсер ететіні атап өтіледі.
Цифрландыру және спорт
Жобаға сәйкес, цифрландыру мемлекетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары бекітіледі.
Бұл өзгерістер спорт саласында:
- цифрлық платформаларды дамытуға;
- деректерге негізделген басқару шешімдерін енгізуге;
- спортшыларды даярлау мен бақылаудың заманауи құралдарын қолдануға
құқықтық алғышарттар жасайды.
Ұзақ мерзімді саясаттың негізі
Сарапшылардың пікірінше, конституциялық реформаларды іске асыру құқықтық кеңістіктің болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде:
- спорт инфрақұрылымын жүйелі дамытуға;
- спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге;
- дене шынықтыру мен спорт саласындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты іске асыруға
берік негіз болмақ.
Жаңа Конституция жобасы спортты тек медаль көрсеткішімен емес, адами капитал мен тұрақты дамудың бір бөлігі ретінде қарастыратын жаңа көзқарасты бекітеді.