Ұлттық тасымалдаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалымен бірлесіп, мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметін іске қосты. Жаңа сервис теміржол көлігімен сапарлау кезінде жолаушыларға вокзал аумағында толық әрі уақтылы көмек көрсетуді көздейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қызмет жолаушыны автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта сүйемелдеуді, сондай-ақ вокзал ішіндегі қозғалысты қамтамасыз етеді. Ең бастысы — көмекті алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Қалай рәсімделеді
Сүйемелдеу қызметін алу үшін жолаушы билет сатып алу барысында арнайы опцияларды таңдай алады. Рәсімдеу тәртібі мынадай:
- bilet.railways.kz сайтынан билет сатып алу;
- Сатып алу кезінде «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін енгізу;
- Қажетті көмек түрлерін белгілеу.
Егер таңдалған вокзалда қызмет уақытша қолжетімсіз болса, билет рәсімдеу кезінде тиісті опциялар көрсетілмейді.

Қандай көмек көрсетіледі
Жолаушыларға келесі қызмет түрлері ұсынылады:
- пойыз жөнелтілер алдында вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
- пойыз жөнелтілер алдында арнайы арба ұсыну;
- пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
- пойыздан түсу кезінде арнайы арба ұсыну.
Өтінімді алдын ала беру вокзал қызметкерлеріне дайындалып, жолаушыға сапардың барлық кезеңінде толыққанды көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қай вокзалдарда қолжетімді
Қазіргі таңда жаңа сервис арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Қызмет кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Жеңілдіктер қарастырылған
Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жол жүруде бірқатар жеңілдіктер бар:
- әлеуметтік маңызы бар бағыттарда — 50% жеңілдік;
- коммерциялық «Тальго» пойыздарында арнайы купелерге, оның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орынға — 50% жеңілдік.
Қосымша ақпарат
Қызметке қатысты толық ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы алуға болады. Сондай-ақ кеңестер мен жаңалықтар «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып отырады.
Жаңа сервис теміржолдағы қолжетімді ортаны кеңейтіп, инклюзивті тасымалды дамытуға бағытталған.