Қазақстанда ауа райы күрт құбылады: боран, көктайғақ және температураның күрт ауысуы

1001
Фотосурет: NUR.KZ / Владимир Третьяков

6 ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде қыс мінез көрсетеді. Синоптиктер қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, тұман, боран және көктайғақ болатынын ескертеді. Ел өңірлерінде ауа температурасы да біркелкі емес - солтүстікте қатты аяз сақталса, оңтүстік пен батыста күн жылымық болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Солтүстік пен орталықта - аяз бен боран

Солтүстік өңірлерде қыс әлі шегінген жоқ. Петропавл, Қостанай және Орал қалаларында жауын-шашын күтілмейді, алайда түнде ауа температурасы -21…-25 градусқа дейін төмендейді. Көкшетауда түнгі және таңғы уақытта қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болуы мүмкін.

Павлодар мен Қарағанды облыстарында ауа райы тұрақсыз болады - жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, боран, көктайғақ және екпінді жел күтіледі. Температура нөл маңында құбылып, жолдағы жағдайды қиындатады.

Астанада бұлтты ауа райы болжанады. Кей уақыттарда қар күшейіп, түнгі және таңғы сағаттарда тұман түседі. Күндіз жаяу бұрқасын соғып, жел күшейеді. Ауа температурасы -1…-3 градус шамасында болып, төмендеу үрдісі байқалады.

Шығыста - тайғақ пен жел

Өскемен мен Семейде күннің екінші жартысында жаңбыр мен қар жауады. Көктайғақ болып, желдің екпіні күшейеді. Күндіз ауа температурасы +1…+3 градусқа дейін көтеріліп, түнде -5…-7 градусқа дейін төмендейді.

Батыста - температуралық айырмашылық

Атырау мен Ақтөбеде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Атырауда түнде -18…-20 градус аяз болып, күндіз -7…-9 градусқа дейін жылынады. Ал Ақтауда ауа райы салыстырмалы түрде жұмсақ - түнде 0…-2, күндіз +10…+12 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста - жаңбыр, қар және тұман

Оңтүстік өңірлерде ылғалды ауа массалары әсер етеді. Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, кей жерде күшті жауын, тұман, көктайғақ және екпінді жел болжанып отыр. Күндіз ауа температурасы +2…+4 градус шамасында болады.

Алматыда күндіз жаңбыр мен қар жауып, ауа температурасы +4…+6 градусқа дейін көтеріледі, түнде 0…+2 градус болады. Қонаев пен Талдықорғанда да жауын-шашын мен тұман күтіледі, күндіз +5…+7 градусқа дейін жылынады.

Жолда абай болу керек

Мамандар ескертеді: жылымық, жауын-шашын және түнгі салқындау көктайғақ қаупін арттырады. Жүргізушілерге алыс жолға шықпауға, ал жаяу жүргіншілерге жол мен тротуарда ерекше сақ болуға кеңес беріледі.

6 ақпанда Қазақстанның көп бөлігінде ауа райы күрделі болып, тұрғындардан барынша сақтық талап етіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -