Абай кітапханасында көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші ұйымдастырылды. Шара қала зиялы қауымын бір арнаға тоғыстырып, ғалымның ғылыми мұрасы мен азаматтық болмысына арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ғалымның өмір жолы мен еңбегі сөз болды
Тағылымды кеште Қайым Мұхамедханұлының шәкірттері – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетов, мәдениеттанушы, өнертанушы, ақын Қ.Ж.Нұрқасым сөз сөйлеп, мерейгердің қазақ ғылымын дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды. Олар ғалымның қуғын-сүргінге толы тағдыры, айдаудағы ауыр жылдарда да мойымаған қайсар мінезі мен ұлт ғылымына деген адалдығын әсерлі әңгімеледі.
Шәкірттің естелігі мен ән
Кеш барысында алаштанушы, ғалымның шәкірті Құсмилия Жырғалыұлы ұстазы Қайым Мұхамедханұлына арнаған өлеңін оқып, Абай мұрасын терең зерттеп, оны қазаққа өз биігінде танытқан ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ақын А.Манабаевтың сөзіне жазылған Т.Базарбаевтың «Жан Аға» әнін орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Кітап көрмесі ұйымдастырылды
Іс-шара аясында арнайы дайындалған «Қазақтың қайсар ғалымы» атты кең көлемді кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде ғалымның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен ғылыми еңбектері, сондай-ақ 2025 жылы «Абай жолы» кітапханасы топтамасымен жарық көрген Қайым Мұхамедханұлының:
- «Абайдың ақын шәкірттері» (1, 2-кітап);
- «Абай мұрагерлері» (3-кітап)
еңбектері таныстырылды.
Жиналған қауым ғалымның «Бақыт дегенің – еркіндікте өмір сүру, адал болу» деген өмірлік ұстанымымен тереңірек танысып, мол рухани мұрасымен қауышты.
«Абай» журналы редакциясы да қатысты
Еске алу кешіне «Абай» журналының редакция ұжымы да қатысты. Атап айтқанда, журнал басшысы Шарапиева Райхан Әбілмансұрқызы, абайтанушы ғалымның шәкірті, журнал редакторы Исин Амантай Исаұлы, әдеби қызметкер Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы шараның куәгері болды.
Редакция өкілдері тағылымға толы кеш үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ұрпақтар сабақтастығының үзілмей жалғасып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ кемел ғалымның рухына тағзым етіп, Қайым Мұхамедханұлының мұрасы туған халқымен мәңгі бірге жасай беретініне сенім білдірді.