Белгілі биомедицина ғалымы, профессор Хак Нг Nazarbayev University-дің вице-президенті және Медицина мектебінің деканы қызметіне тағайындалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Профессор Хак Нг бакалавр дәрежесін National University of Singapore-де алып, докторлық диссертациясын University of Edinburgh-та қорғаған. Кейін Harvard Medical School-да постдокторантурадан өтті. Академиялық қызметін National University of Singapore-де ассистент-профессор ретінде бастап, кейін Сингапурдың жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу агенттігі саналатын Agency for Science, Technology and Research құрылымында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді.
Аталған агенттікте ол Genome Institute of Singapore-де зерттеу тобының жетекшісі ретінде еңбек жолын бастап, кейін ғылыми қызмет пен кадрларды дамытуға жауапты бас директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Сонымен қатар профессор Хак Нг National University of Singapore және Nanyang Technological University университеттерінде адъюнкт-профессор ретінде қызмет атқарған.
Профессор Хак Нг халықаралық деңгейде танылған ғылыми көшбасшы саналады. Google Scholar деректеріне сәйкес, оның ғылыми еңбектеріне 48 мыңнан астам рет сілтеме жасалған. Ол сондай-ақ ірі ұлттық зерттеу бағдарламаларының жүзеге асырылуына жетекшілік еткен.
Nazarbayev University президенті Вакар Ахмад жаңа тағайындауға қатысты пікір білдіріп, университет пен Медицина мектебінің алдында ауқымды мақсаттар тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл әлемдік деңгейдегі медициналық мектепті, халықаралық стандарттарға сай оқу ауруханаларын және жоғары білікті студенттер мен оқытушылар қауымын қалыптастыруды көздейді. Вакар Ахмад профессор Хак Нг профессор Массимо Пиньятелли бастаған бағытты жалғастырып, университет медицинасын зерттеу, білім беру және клиникалық тәжірибе салаларында халықаралық деңгейге шығара алатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде профессор Хак Нг Nazarbayev University басшылығына қосылуды үлкен мәртебе санайтынын айтты. Ол оқытушылар құрамының кәсібилігін, студенттердің әлеуетін және клиницистердің жауапкершілігін ерекше атап өтіп, олардың бірлескен жұмысы әлемдік деңгейдегі академиялық медициналық орталықты қалыптастыруға негіз болатынын жеткізді. Профессор алдағы уақытта сапа мен инновацияға негізделген ынтымақтастық мәдениетін дамыту арқылы білім беру, зерттеу және пациенттерге қызмет көрсету бағыттарын өңірлік және халықаралық деңгейде ілгерілетуді мақсат ететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, профессор Хак Нг биыл сәуір айынан бастап Медицина мектебін он жылдан астам уақыт басқарған әрі оның құрылуына бастамашы болған профессор Массимо Пиньятеллидің орнын басады.