Қазақстанда жаңа Конституция жобасын талқылау біртіндеп қоғамдық күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл жолы әңгіме тек құқықтық түзетулер туралы емес – елдің алдағы онжылдықтардағы бағыты, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа келісім жайлы болып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамдық пікірді «Демократия институттары» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген социологиялық зерттеу осы үдерістің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың елеулі бөлігі реформаның мәнін түсініп қана қоймай, оны қолдауға дайын екенін байқатады.
Ашық талқылау – қоғамдық сенімнің негізі
Конституциялық реформа бойынша талқылау 2025 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін басталды. Алты ай бойы елдің Негізгі заңын жаңарту ашық әрі инклюзивті форматта жүргізілді. Үдеріске сарапшылар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен қарапайым азаматтар тартылды.
Осы жұмыстың нәтижесінде Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын әзірлеп, оны 30 қаңтарда жалпыұлттық талқылауға ұсынды.
Қоғам бұл тақырыптан тыс қалған жоқ
«Демократия институттары» ҒЗҚ жүргізген телефондік сауалнама деректері қоғамның бұл үдеріске бейжай қарамағанын көрсетеді. Респонденттердің 38,6 пайызы Конституциялық комиссияның жұмысын белгілі бір деңгейде қадағалап отырғанын айтқан. Әрбір тоғызыншы азамат бұл үдерісті мұқият бақыласа, тағы 27,8 пайызы анда-санда назар аударады.
Маңыздысы – тақырып тек жаңалық ретінде қабылданбайды. Іс жүзінде әрбір оныншы респондент Конституциялық комиссияның қызметін достары және таныстарымен талқылайтынын жеткізген. Бұл – конституциялық реформа қоғамдық әңгімеге айналғанын білдіретін маңызды белгі.
Ақпарат қайдан алынып жатыр
Зерттеу көрсеткендей, Конституциялық комиссия туралы негізгі ақпарат көздері – интернет пен әлеуметтік желілер. Респонденттердің 37,3 пайызы әлеуметтік желілердегі жазбаларды, 29,1 пайызы интернет-басылымдарды, 28,7 пайызы қысқа бейнебаяндарды атаған.
Сонымен бірге теледидар жаңалықтары да өз маңызын жоғалтпаған. Оған қатысушылардың 32,6 пайызы сенім білдірген. Бұл әртүрлі аудитория үшін ақпарат тарату арналарының қатар дамып отырғанын көрсетеді.
Конституция мәтінімен танысу деңгейі
Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың жаңа Конституция жобасымен танысу деңгейі де айтарлықтай жоғары екенін көрсетті. Азаматтардың шамамен 30 пайызы құжаттың мәтінін оқып шыққан: 7,5 пайызы – толық, 22,5 пайызы – ішінара.
Тағы 42,9 пайызы жаңа Конституция жобасы туралы естігенімен, мәтінмен әлі таныспаған. Жоба жарияланғаннан кейін бірден бірнеше күн ішінде жүргізілген сауалнама үшін бұл – жоғары көрсеткіш.
Қандай нормалар маңызды деп саналады
Респонденттер жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды нормалар ретінде, ең алдымен, күнделікті өмірге тікелей әсер ететін ережелерді атап өткен.
Азаматтар үшін ең мәнді болып көрінген тұстар:
- жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау;
- білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты;
- ғылым мен инновацияларға басымдық беру.
Сонымен қатар заң мен тәртіп, экологиялық жауапкершілік, адамға бағдарланған мемлекет идеясы, өлім жазасына тыйым салу және дін мен мемлекеттің нақты бөлінуі де қоғам үшін маңызды құндылықтар қатарында аталды.
Преамбуладағы құндылықтар қалай қабылданды
Сауалнамаға қатысқандар жаңа Конституция жобасының преамбуласына да ерекше назар аударған. Олардың пікірінше, онда елдің ішкі бірлігі мен сыртқы бейбіт бағыты анық көрініс тапқан.
Респонденттердің 31,8 пайызы Қазақстан халқының бірлігін нығайтуды, 30,8 пайызы барлық елдермен бейбітшілік пен достыққа ұмтылысты, 30,4 пайызы табиғатқа ұқыпты қарау идеясын маңызды деп бағалаған. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік те басты құндылықтар қатарында көрсетілген.
Зайырлылыққа қолдау жоғары
Зерттеу нәтижелері дін мен мемлекеттің нақты бөлінуі қағидатын қоғамның басым көпшілігі қолдайтынын көрсетті. Респонденттердің 78,3 пайызы бұл норманы қолдайтынын айтқан. Оның ішінде 45,3 пайызы толық қолдайды, ал 33 пайызы көбіне қолдайтынын жеткізген.
Әрбір бесінші сауалнамаға қатысушы бұл норманы қолдамайтынын білдіргенімен, жалпы қолдау деңгейі айқын басым.
Білім, ғылым және адам капиталы – басты басымдық
Жаңа Конституция жобасында адам капиталының, білімнің, ғылым мен инновацияның дамуын мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекіту идеясы ерекше қолдауға ие болды. Азаматтардың 86,3 пайызы бұл ұстанымды қолдайтынын айтты.
Бұл көрсеткіш қоғам үшін білім мен ғылымның елдің болашағын айқындайтын негізгі фактор ретінде қабылданатынын көрсетеді.
Реформаның жеке адамға әсері қалай бағаланады
Қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қабылдаудың өз өміріне ықтимал әсерін оң бағалап отыр. Респонденттердің 65,3 пайызы бұл өзгерістер олардың азамат ретіндегі құқықтары мен мүмкіндіктеріне оң әсер етеді деп есептейді.
Тек 8,7 пайызы реформаның кері әсері болуы мүмкін деп алаңдайды. Ал 24 пайызы енгізілетін өзгерістер өздеріне тікелей әсер етпейді деп санайды.
Жалпы қорытынды
Зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың 84,7 пайызы Президент ұсынған Конституциялық реформаны және жаңа Конституция жобасын қолдайды. Бұл көрсеткіш оны толық қолдайтындар мен белгілі бір сеніммен қолдайтындарды қамтиды. Қолдау білдірмегендердің үлесі 13,5 пайызды құрайды.
Телефондік сауалнама 2026 жылғы 1–5 ақпан аралығында өткізілді. Зерттеуге 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан – Астана, Алматы және Шымкенттен – 18 жастан асқан 1 200 респондент қатысты.
Жалпы алғанда, «Демократия институттары» ғылыми-зерттеу қауымдастығының деректері қоғамда конституциялық реформаның мәні мен мақсатына қатысты түсініктің қалыптасқанын, азаматтардың ақпараттану деңгейі мен талқылауға қатысуының жоғары екенін көрсетеді. Бұл – жаңа Конституция төңірегіндегі қоғамдық диалогтың шын мәнінде жүріп жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.