Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары Құрлық әскерлері үшін ұшқышсыз авиация операторларын дайындауда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Қарулы күштерінде ұшқышсыз авиацияға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазіргі соғыс қимылдары дронсыз елестетілмейтін кезеңге жетті. Осыны ескерген Ұлттық қорғаныс университеті Қарулы күштер үшін аса маңызды бағыттардың бірін – ұшқышсыз авиация операторларын даярлауды жүйелі түрде қолға алған.
Қазіргі таңда Ұлттық қорғаныс университетінің Қару-жарақ және әскери техника ғылыми-зерттеу институтының базасында Құрлық әскерлерінің ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларына арналған апталық біліктілікті арттыру курсы өтіп жатыр. Сабақтарды бұл салада он жылдан астам тәжірибесі бар оқытушылар мен нұсқаушылар жүргізуде.

Теориядан гөрі – нақты тәжірибе
Курстың басты ерекшелігі – бар назардың практикалық дайындыққа аударылуы. Әскери қызметшілер ұрыс жағдайында тікелей қажет болатын дағдыларды меңгереді. Оқу барысында тыңдаушылар «Торғай-10» ұшқышсыз ұшу аппаратын бөлшектеп жинауды, оның тактикалық-техникалық сипаттамаларын, қауіпсіздік талаптарын және әртүрлі жағдайда қолдану ерекшеліктерін жан-жақты зерттейді.
Сонымен қатар практикалық сабақтар Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми қызметкерлері әзірлеген «Ара» дрондарын қолдану арқылы өтуде. Бұл отандық әзірлемелер әскери бөлімшелердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып жасалған.

FPV-дрондар – заманауи ұрыстың жаңа құралы
Бағдарламаның жеке бір модулі FPV-дрондарға арналған. Бұл бағыт қазіргі заманғы әскери тактикада ерекше маңызға ие. Тыңдаушылар FPV-дрондарды өз қолымен құрастырып, бағдарламалауды, ақауларды анықтауды және оларды жоюды үйренеді. Мұндай дайындық операторларға кез келген жағдайда дронды жылдам іске қосуға мүмкіндік береді.
– Біз қолданбалы дағдыларға басымдық береміз. Негізгі мақсатымыз – алған білімін өз бөлімшелерінде өзгелерге үйрете алатын, тәжірибесі мол мамандарды даярлау, – дейді Қару-жарақ және әскери техника ғылыми-зерттеу институтының зерттеу қызметінің бастығы, полковник Жарқын Қабдолда.

Ұрыс алаңындағы қауіпсіздік пен тиімділік
Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану жеке құрамның қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жауынгерлік тапсырмалардың орындалу тиімділігін де едәуір жоғарылатады. Дрондар барлау жүргізуге, нысананы дәл анықтауға және қарсыласқа қашықтан әсер етуге мүмкіндік береді.
– Ұшқышсыз ұшу аппараттары тактикалық басымдықтың негізгі элементіне айналды. Оларды қолдану формалары мен тәсілдерінің эволюциясы қазіргі заманғы ұрыс қимылдарының сипатына айтарлықтай ықпал етіп отыр, – деп атап өтті институттың зерттеу қызметінің бастығы полковник Алексей Бойко.
Әскер үшін стратегиялық басымдық
Ұшқышсыз жүйелерді басқару мамандарын даярлау Қарулы күштердің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыстар жеке құрамның техникалық біліктілігін арттырып, әскердің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының базасында ұшқышсыз ұшу аппараттары мамандарын даярлайтын әскери мектеп ашылған болатын. Сондай-ақ Десанттық-шабуылдау әскерлерінде дрондарды құрастыру, сынақтан өткізу және оларды бөлімшелерге жеткізудің толық циклі жолға қойылған.
Қазақстан армиясында ұшқышсыз авиацияға басымдық берілуі – заманауи қауіпсіздік талаптарына сай жасалып жатқан нақты қадам. Ал мұндай дайындықтан өткен мамандар болашақта әскердің технологиялық артықшылығын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналмақ.

