Әскери қызметкердің қызы хоккейден әлем чемпионатының жүлдегері атанды

1210
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан жауынгерінің қызы хоккейден әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстандық жас хоккейшілер тағы бір мәрте ел мерейін асқақтатты. Таяуда Түркияда өткен қыздар арасындағы жасөспірімдерге арналған хоккейден әлем чемпионатында (II A дивизион) Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жетістікке өз үлесін қосқан ойыншылардың қатарында Ұлттық ұланның әскери қызметшісінің қызы — Айдана Рахатқызы да бар.

Жас спортшы әлемдік додада өз жасына сай емес, сенімді әрі салқынқанды ойын өрнегін көрсете білді. Әсіресе Нидерланды құрамасына қарсы матчта Айдана қорғаныс шебінде нағыз тас қамалдай мызғымады. Қарсыластардың бірнеше қауіпті шабуылын тойтарып, қазақстандық команданың шешуші сәттерде есесін жібермеуіне себепкер болды.

Айдана — Өскемен қаласындағы атақты «Торпедо» хоккей клубының тәрбиеленушісі. Бұл өңірдің хоккеймен ежелден етене екені белгілі. Қыздың спорттағы жолы да тегін басталмаған. Оның хоккейге келуіне әкесі — «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік қызмет басқармасы бастығының орынбасары, жауынгерлік қызмет бөлімінің бастығы, подполковник Рахат Калибеков тікелей ықпал еткен.

— Өскеменді бекерге қазақстандық хоккейдің Отаны демейді. Сондықтан қызымды сегіз жасында хоккейге бердім. «Торпедо» сапында шыңдалып жүріп, бір жыл бұрын Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Әрине, бұл — әке үшін үлкен мақтаныш. Айдананың арманы — болашақта АҚШ пен Канада клубтары бақ сынайтын, әлемдік жұлдыздар ойнайтын NHL деңгейіндегі лигада өнер көрсету, — дейді офицер.

Айта кетерлігі, Калибековтер әулетінде спорт — жай ғана әуесқойлық емес, өмір салтына айналған құндылық. Айдананың анасы Динара дзюдо мен волейболдан спорт шебері болса, әкесі бала күнінде спорт мектебінде оқып, еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанған.

Осындай спортқа жақын, тәртіп пен табандылықты ту еткен отбасында өскен Айдананың жетістігі заңды да сияқты. Әлем чемпионатындағы күміс жүлде — тек жеке жеңіс емес, қазақстандық қыздар хоккейінің болашағына берілген сенім.

Ал Айдана үшін бұл — үлкен жолдың басы ғана.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -