Қазақстанда еріктілік жай ғана қоғамдық бастама емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қиын сәтте қол ұшын созатын, табиғатты қорғайтын, әлсіз топтарға демеу болатын мыңдаған адам бар. Енді осы еңбекті мемлекет ең жоғары деңгейде - Конституция арқылы мойындауы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда волонтерлікті конституциялық деңгейде ынталандыруды бекіту қажет деген бастама көтерді.
Неліктен бұл бастама дәл қазір көтерілді
Вера Ким Мемлекет басшысының еріктілер қозғалысына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында өткен ауқымды Еріктілер форумы соның нақты дәлелі болды.
Алайда Конституция жобасы талқылана бастаған сәттен бастап волонтерлер тарапынан бір маңызды мәселе жиі көтерілген.
«Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар жинау жарияланған сәттен бастап маған волонтерлік ұйымдар мен еріктілердің өздерінен 31-баптың 2-тармағын «волонтерлік» деген сөзбен толықтыру туралы өтініштер бірнеше рет келіп түсті. Осыған байланысты Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықты құруды көтермелеумен қатар волонтерлікті ынталандыруды бекітуді ұсынамын», – деді ол.
Бір сөздің артында үлкен мағына жатыр
Депутаттың айтуынша, аталған бапта мемлекет қолдайтын әлеуметтік қолдауға қоғамның қатысу нысандары көрсетілген. Онда сақтандыру мен қайырымдылық бар, бірақ азаматтардың жеке өтеусіз еңбегі - волонтерлік нақты аталмайды.
«Еріктілер төтенше жағдайлар кезінде, ауруханаларда көмектеседі, әлеуметтік салада қарттарды, балаларды, мүгедек адамдарды, қиын жағдайда отбасыларды қолдайды. Бұл бүкіл ел бойынша жұмыс істеп жатқан әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды бөлігі», – деді Вера Ким.
Оның сөзінше, «волонтерлік» деген ұғым норманы логикалық тұрғыда толықтырады. Өйткені бұл жағдайда мемлекет тек қаржылық ресурстар мен тетіктерді ғана емес, азаматтардың тікелей қатысуын да ынталандырады.
«Мен бұл бастаманы бүкіл еріктілер қозғалысының атынан көтеремін», – деп атап өтті депутат.
Қазақстанда қанша адам ерікті болып жүр
Вера Ким келтірген деректер бұл қозғалыстың ауқымын анық көрсетеді. Сауалнамаларға сәйкес, әрбір сегізінші қазақстандықтың волонтерлік тәжірибесі бар. Ресми мәліметтер бойынша, елімізде еріктілікке шамамен 300 мың адам тартылған, 800-ден астам ұйым және 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді.
«Біз үшін бұл жай ғана қызмет емес – бұл біздің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатына қосқан үлесіміз», – деді ол.
Волонтерлер және экологиялық мәдениет
Депутат еріктілердің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, волонтерлер өз әрекеттерімен табиғатқа деген жауапкершіліктің нақты үлгісін көрсетіп жүр.
Аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды сақтау, экологиялық ағарту - мұның бәрі адамдардың табиғатқа көзқарасын өзгертеді.
«Көптеген адамдар үшін мұндай жобаларға қатысу саналы экологиялық тәртіпке деген алғашқы қадам, ал жастар үшін азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық игілікке құрметпен қараудың маңызды мектебі болып табылады», – деді Вера Ким.
Экологиялық мәдениет - мемлекеттік саясаттың бір бөлігі
Вера Ким жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениетті мемлекеттің іргелі қағидаты ретінде бекіту қоғамдық қозғалысқа жүйелі әрі ұзақ мерзімді сипат беретінін атап өтті.
Бұл жағдайда қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік сенбілікпен шектелмей, білім беру, құқықтық реттеу және қоғамдық бастамалар арқылы қолдау көрсетілетін стратегиялық бағытқа айналады.
«Азаматтар үшін бұл таза және қауіпсіз өмір сүру ортасы, денсаулықты қорғау және табиғи ресурстарды сақтаудан көрінеді. Волонтерлердің белсенділігі мен экологиялық мәдениетті конституциялық тұрғыда тану тұтастай алғанда әр адам елдің табиғаты мен болашағын сақтаудың қатысушысы болатын дамудың тұрақты моделін қалыптастырады», – деп түйіндеді ол.
Неге бұл бастама маңызды
Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, Қазақстанда волонтерлік алғаш рет Конституция деңгейінде мойындалады. Бұл еріктілер еңбегіне берілген символдық қана емес, институционалдық баға болмақ.
Ал ең бастысы - бұл қадам қоғамға қарапайым, бірақ маңызды ойды бекітеді: елдің дамуы тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі.