Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Мақатаев өлеңдерін орындап, қазылар алқасын тәнті етті

1089
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алатау қаласында өткен шығармашылық кеште Ұлттық ұланның музыканты жеңімпаз атанды. Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған рухани шарада әскери қызметшілердің өнері көрерменге ерекше әсер қалдырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алатау қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Рухани кешке өнер мен поэзияны бағалайтын 20 қатысушы қатысып, өзара бақ сынады. Шара барысында ақынның жүрекке жақын өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Қатысушылар Мұқағали шығармалары арқылы адамгершілік, отансүйгіштік және рухани құндылықтарды дәріптеді.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын 6654 әскери бөлімінің оркестрінде аға музыкант қызметін атқаратын ефрейтор Бағдат Андировке берілді. Қазылар алқасы оның ақын шығармаларын тебіреніспен орындауын, сахнадағы өзін ұстау мәдениетін және көркемдік шеберлігін жоғары бағалады. Әсіресе Бағдат Әбілханұлының орындауы көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Айта кетейік, аталған байқауға 3660 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ерсұлтан Жақыпбек те қатысып, үшінші орын иеленді.

Ұлттық ұлан сарбаздарының бұл жетістігі әскери ортада өнер мен шығармашылыққа кең мүмкіндік бар екенін көрсетті. Бұл — әскери қызметшілердің тек жауынгерлік дайындықта ғана емес, рухани және мәдени бағытта да жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынының айқын дәлелі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -