Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында саяси жүйенің болашағына қатысты маңызды ұсыныс айтылды. Саясаттанушы Марат Шибұтов болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайды тарату мүмкіндігі туралы норманы неғұрлым егжей-тегжейлі әрі икемді етіп тұжырымдауды ұсынды. Оның айтуынша, мәселе қатаң шешімдерде емес, билік тармақтары арасындағы келісімге жол ашатын механизмдерде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құрылтайдың рөлі күшейеді
Марат Шибұтов жаңа модельде Құрылтайдың өкілеттігі едәуір артатынын атап өтті. Болашақта Парламент бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауды келісуге құқылы болады. Олардың қатарында Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі бар.
Бұл, саясаттанушының пікірінше, қазіргі жүйемен салыстырғанда Парламенттің саяси салмағын айтарлықтай күшейтеді. Ал мұндай жағдайда тараптар арасындағы өзара әрекеттесу тетіктері барынша теңгерімді болуы тиіс.
«Таратады» емес, «таратуға құқылы»
Негізгі ұсыныс Конституция мәтініндегі формулировкаға қатысты. Шибұтовтың айтуынша, қолданыстағы редакция тым үзілді-кесілді сипатқа ие және ымыраға келу мүмкіндігін шектейді.
«Таратады» деген сөздің орнына мен үзілді-кесілділікті алып тастап, келісімге келу мүмкіндігін қалдырып, «таратуға құқылы» дегенді қолдануды ұсынамын. Бұл «Президент» бөліміндегі 46-баптың 2, 4, 8-тармақтарына және «Құрылтай» бөліміндегі 62-баптың 1, 2-тармақтарына қатысты. Осылайша, біз саяси жүйені икемді және ымыраға келуге бейім етеміз. Құрметті Комиссия, менің ұсынысымды қолдауды сұраймын», – деді ол.
Саясаттанушының ойынша, мұндай тәсіл саяси дағдарыс жағдайында тараптарға бірден қатаң шешім қабылдамай, ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік береді.
Қоғаммен бірге жасалған жоба
Марат Шибұтов өз сөзінде жаңа Конституция жобасына енгізілген әрбір тұжырым Конституциялық комиссия аясында кең әрі кейде күрделі талқылаудан өткенін де атап өтті. Бұл үдеріс ашық қоғамдық бағалаумен қатар жүрген.
«Бұл күрделі, кейде ыңғайсыз, бірақ адал үдеріс болды. Нәтижесінде, қазіргі кезеңде бізде түрлі сала сарапшыларының бірлескен еңбегі мен әртүрлі ұстаным, тәжірибе мен дүниетанымының нәтижесі болып табылатын жоба бар. Сондықтан да Ата заң жобасы жалпыхалықтық дауыс беруге шығаруға дайын деп санаймын», – деп қорытындылады ол.
Сарапшылардың пікірінше, Құрылтайды тарату тетігіне қатысты мұндай ұсыныстар конституциялық реформаның басты бағытын айқын көрсетеді. Яғни, Қазақстан жаңа саяси модельде қатаң шектеулерден гөрі диалогқа, келісімге және институционалдық икемділікке басымдық беруді көздеп отыр.