Бірыңғай медициналық жүйе: денсаулық сақтау толық цифрлануға көшеді

1001
Фотосурет: Gov

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялаудың шешуші кезеңі басталды. Денсаулық сақтау министрлігі Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құрудың соңғы сатысына өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үкімет отырысында ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова жаңа архитектура мемлекеттік және жеке сервистерді E-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне біріктіретінін айтты. Бұл модель қаржы ағындарын, медициналық көмектің сапасы мен көлемін нақты бақылауға мүмкіндік береді.

Бұрынғы жүйенің түйткілдері

Саладағы ІТ жүйелер ұзақ жылдар бойы жеке контурда қалыптасты. Соның салдарынан ақпараттық жүйелердің тек 34 пайызы ғана толық мемлекеттік басқаруда қалған.

Бұл деректерді біріктіруді қиындатып, бірыңғай цифрлық архитектура енгізуге кедергі келтірген. Министрдің сөзінше, жаңа модель осы олқылықтарды жоюға бағытталған.

23 жүйеден 7 негізгі компонентке көшу

Жаңа стратегия аясында шашыраңқы жүйелер саны 23-тен 7 негізгі құрамдас бөлікке дейін қысқартылады.

2026 жылдың желтоқсанына қарай БММАЖ саланы басқарудың негізгі платформасына айналып, дәрігерлер үшін «бір цифрлық терезе» қағидатын іске асырады.

Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ТМККК және МӘМС аясында жұмыс істейтін барлық жеке клиникалардың мәліметтерін қамтитын медициналық деректердің бірыңғай қоймасы қалыптастырылады.

Қазір деректер базасының толықтығы 97 пайызға дейін жеткізілген. Бұл халық денсаулығының нақты көрінісін алуға және қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Санитариялық бақылау толық цифрланады

1 шілдеден бастап бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі іске қосылады.

Жаңа жүйе вакцинацияның цифрлық есебін, тексеру нәтижелерін, санитариялық кітапшалар мен рұқсат құжаттарын беруді қамтиды.

«Әлеуметтік әмиян» кеңейтіледі

2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» арқылы 13,8 миллионнан астам цифрлық рецепт берілген.

Алдағы уақытта дәрілік мониторингпен қамту 2 миллионнан астам пациентті құрайды.

Министрдің айтуынша, барлық медициналық деректер біріктірілген әрі қорғалған бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптасады. Бұл дәрігерлерге ыңғайлы жұмыс ортасын жасап, мемлекетке медициналық көмектің сапасын әділ бақылауға мүмкіндік береді.

Президент тапсырмасы аясындағы реформа

Жоба ұлттық денсаулық сақтау экожүйесін құру және медициналық деректерге мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Сарапшылар жаңа жүйе жалған есептілікті азайтып, қаржының мақсатсыз жұмсалу тәуекелін төмендететінін атап өтеді.

БММАЖ – денсаулық сақтау саласындағы ең ауқымды цифрлық реформалардың бірі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -