Қазақстандағы сақтандыру нарығы жаңа заңдармен өзгереді: не күтіп тұр?

1177
Фотосурет: Freepik/DKNews.kz

Қазақстанда сақтандыру саласын ауқымды жаңғырту басталмақ. 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Құжат алдағы төрт жылға арналған нақты бастамалар мен жүйелі реформаларды қамтуы тиіс.

Бұл – саланың даму философиясын өзгертуге бағытталған стратегиялық қадам, деп хабарлайды DKNews.kz.

Неліктен бұл маңызды

Қазіргі таңда сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы елдің қаржы секторында небәрі 5 пайызды ғана құрайды. Президент бұл көрсеткішті сын көтермейтін деңгей деп атады.

Жаһандық қаржы нарықтарында цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, сақтандыру компаниялары мен инвестициялық институттар экономиканың маңызды тірегіне айналып жатқан кезде Қазақстан үшін қор нарығын дамыту – инвестициялық тартымдылықтың негізгі шарты.

Мемлекет басшысы атап өткендей, шетелдік инвесторлардың сенімін арттыру үшін дамыған бағалы қағаздар нарығы қажет. Ал оның өсуі сақтандыру компаниялары мен банктердің белсенді қаржыландыруына байланысты.

Жаңа заңдар – жаңа өнімдер

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін заңнамалық базаны жаңарту қажет. Жаңа нормалар цифрлық технологияларды қолданатын заманауи сақтандыру өнімдерін дамытуға жол ашуы тиіс.

Сонымен қатар жаңа міндетті сақтандыру түрлерін енгізу мәселесі де көтерілді. Бұл тек нарықты кеңейтіп қана қоймай, азаматтар, мемлекет және бизнес арасындағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Нарықтың көзқарасы

Сақтандыру саласының өкілдері бастаманы қолдап отыр. «Freedom Insurance» СК АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев реформалардың қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілгенін атап өтті:

«Нарық қатысушылары ретінде біз Президент бастамасын толық қолдаймыз. Сақтандыру секторындағы реформаларға сұраныс бұрыннан бар. Нарыққа икемді даму форматтары, жаңа құралдар және заңнамалық деңгейде бекітілетін міндетті сақтандыру өнімдері қажет. Қазақстандағы сақтандыру нарығының әлеуеті зор және оны тиімді пайдалану керек. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасы уақытылы әрі аса қажет».

Азамат Керимбаев

Сала өкілдерінің пікірінше, реформалар аясында:

  • сақтандыру компаниялары мен брокерлердің деректерді өңдеу және алмасу мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту
  • міндетті автоcақтандыру шарттарын маркетплейстер арқылы жасау мүмкіндігін заңмен рәсімдеу
  • сақтандыру брокерін маркетплейс операторы ретінде айқындау
  • мемлекеттік жүйелермен цифрлық деректер алмасудың құқықтық негізін құру
  • жүргізушінің сақтандыру тарихына, тәжірибесіне қарай жеке тариф есептеу үшін скоринг жүйесін енгізу
  • цифрлық андеррайтинг пен алаяқтыққа қарсы шешімдерді дамыту
  • жол қауіпсіздігін сақтаған жүргізушілерге экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу қажет.

Бұл бастамалар саланың толыққанды цифрлық трансформациясына жол ашады.

Цифрландыру қалай жүріп жатыр

Қазақстанда сақтандыру қызметтері соңғы жылдары белсенді түрде онлайн форматқа көшті. 2019 жылдан бері полистердің басым бөлігін кеңсеге бармай рәсімдеуге болады.

2024 жылдан бастап Еурохаттама механизмі іске қосылды. Бұл жол-көлік оқиғасын полиция шақырмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді. Екі жыл ішінде 42 мың жүргізуші осы жүйені пайдаланған.

Сарапшылардың айтуынша, Президент атап өткен цифрлық серпін сақтандыру нарығын тиімді, ашық әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді.

Алдағы реформалар сақтандыру компанияларының рөлін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Олар тек полис сатушы емес, қаржы нарығының белсенді институционалдық инвесторына айналуы тиіс.

Қазақстан сақтандыру нарығы үшін бұл – шешуші кезең. Қабылданатын заңдар мен бағдарламалар саланың келесі төрт жылдағы бағытын ғана емес, оның ұзақ мерзімді орнын да айқындайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -