Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елдегі энергетика секторын жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өткен жылы ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы электр станцияларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина жөнделді. Электр желілерінде 17 мың шақырым желі мен 420 қосалқы станция қалпына келтірілді, ал жылу желілерінде 323 шақырым ауыстырылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің тарихи ең жоғары көрсеткіші — 17 273 МВт-қа қол жеткізілді, бұл өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Сонымен қатар жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.

Биыл жөндеу науқаны жалғасады
2026 жылы электр станцияларында 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Электр желілерінде 17,1 мың шақырым желі мен 444 қосалқы станцияны жаңғырту көзделген, ал жылу желілерінде 377 шақырымды ауыстыру жоспарланған.
Бұл шаралар тозу деңгейін қосымша төмендетіп, 61%-дан 59%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Отын қоры толық қамтамасыз етілген
Отынмен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Энергетикалық нысандардың қоймаларында 4,7 млн тонна көмір жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артық. Барлық энергонысандар нормативтік отын қорымен толық қамтамасыз етілген.

Көмір дайындау жоспары артығымен орындалды
Ағымдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген қажеттілігі 7,46 млн тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 7,68 млн тонна көмір дайындалып, жылдық жоспар 103%-ға орындалған.
Министрлік тұрақты жылу маусымын қамтамасыз етуді жалғастырады
Энергетика министрлігі күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.