Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында қаржы секторына қатысты 38-ге жуық мәселе қаралды. Кездесу барысында салық нормаларының инвестициялық нарыққа әсері мен қаржы құралдарына қатысты бірқатар даулы тұстар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Техникалық және нақтылау сипатындағы өзгерістер
Отырыста қаралған мәселелердің бір бөлігі редакциялық және нақтылау сипатында болды. Атап айтқанда:
- салық құпиясына жатпайтын мәліметтер тізбесін кеңейту
- электрондық шот-фактураларды жазып беру тәртібі
- техникалық салық нормаларын жетілдіру
Сонымен қатар кейбір ұсыныстардың инвестициялық нарыққа ықпалы қосымша талдауды қажет ететіні айтылды.
Кепілдіктер мен факторинг бойынша ҚҚС
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, жаңа Салық кодексі ақшалай нысанда берілген кредиттер мен микрокредиттер бойынша пайыздарды ҚҚС-тан босатады.

Алайда:
- банктік кепілдіктер беру операциялары
- факторингтік мәмілелер
ҚҚС-тан босатылмайды.
Факторинг — жеткізушінің төлемді мерзімінен бұрын алу үшін талап ету құқығын банкке немесе қаржы ұйымына беруі арқылы жүзеге асатын қысқа мерзімді қаржыландыру құралы. Кодексте ол қарыз ретінде қарастырылмағандықтан, несиелерге арналған салық жеңілдіктері қолданылмайды.
Қаржы қауымдастығының пікірінше, халықаралық тәжірибеде факторинг қаржылық қызмет ретінде қарастырылады және көбіне ҚҚС-тан босатылады.
Салық жеңілдіктері экономиканы қолдауға бағытталады
Талқылау барысында ҚҚС-тан босату салықтық жеңілдік болып саналатыны және мұндай шешімдерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұстанымымен үйлестіру қажеттігі айтылды.
Үкімет саясатына сәйкес, салықтық жеңілдіктер:
- нақты секторды қаржыландыруға ықпал етсе
- ішкі инвестициялық белсенділікті арттырса
берілуі мүмкін.

Бағалы қағаздар бойынша кірістер мәселесі
Жиында борыштық құралдар бойынша табысты есептеу тәртібі де қаралды.
Қолданыстағы редакцияда:
- бағалы қағаздарды өтеу кезіндегі дисконт сыйақы құрамына кірмейді
- ол құн өсімі ретінде есептеледі
Бұл жағдай салық шегерімдерін қолдануды қиындатуы мүмкін.
Сондықтан қаржы қауымдастығы дисконтты сыйақы құрамында сақтауды ұсынды.
Сонымен қатар инвесторлар үшін борыштық бағалы қағаздарды кемінде үш жыл ұстау талабы да талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл талап нарыққа қызығушылықты төмендетуі мүмкін.

Ауыл шаруашылығы экспортына қатысты ҚҚС
Жиында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезіндегі ҚҚС тәртібі де қаралды.
Қолданыстағы нормаға сәйкес:
- фермерлер есепке алынған ҚҚС-тың 80 пайызын азайтады
- тек 20 пайызы ғана қайтарылады
Бұл ереже тек:
- өсімдік шаруашылығы
- мал шаруашылығы
- бастапқы өңдеу өнімдеріне
қолданылады.
Ұлттық экономика министрлігі осы тәртіпке қатысты ресми түсініктеме әзірлейтін болды.

Салық режимін таңдау мерзімі жақындады
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше:
- 921 мың салық төлеуші жеңілдетілген декларация режимін таңдаған
- 113 мың адам жалпыға бірдей режимді таңдаған
Ал 500 мыңға жуық салық төлеуші әлі шешім қабылдамаған. Оларға 1 наурызға дейін режим таңдау қажеттігі туралы ескертулер жіберілген.