Astana Hub-та Конституциялық реформалар түсіндірілді

1320
Фотосурет: Gov

Елордадағы Astana Hub алаңында қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен Конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға «Ақ жол» партиясынан Астана қалалық мәслихатының депутаттары Нұржан Садырбаев пен Мейрамгүл Қабдығалиева қатысып, жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа Конституцияның маңызы талқыланды

Кездесу барысында жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызы, оның ішінде цифрлық экономиканы дамытудағы рөлі кеңінен айтылды. Өзгерістер құқықтық жүйені жаңғыртумен қатар, бизнес пен инновация үшін тұрақты орта қалыптастыруға және цифрлық кеңістікте азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғаны атап өтілді.

Өзгерістердің ауқымы түсіндірілді

Депутат Нұржан Садырбаев Ата заңға енгізілген өзгерістердің көлеміне тоқталды.

«Жаңа Конституциядағы өзгерістер 77 бапқа енгізілді. Құжаттың 84 пайызы қайта жазылды. Осылайша біз іс жүзінде жаңа Конституцияға қол жеткіздік. Ата заңдағы 21-бап сіздердің жұмысыңызға, яғни цифрлық салаға қатысты құқықтарды қамтиды. Тағы бір айта кетерлігі, 145 депутат 5 жыл мерзімге сайланады. Билік құрылымында да өзгерістер бар», – деді Н.Садырбаев.

Реформалардың қажеттілігі айтылды

Спикерлер Конституциялық өзгерістердің не үшін қажет болғанын және оның қалай әзірленгенін түсіндірді.

«Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған дәуірде әлемде елдер арасында жаһандық үрдістер араласып кетті. Бұл бүгінгі адамдардың таным-түсінігіне, айналаны қабылдауына, келер ұрпақтың сана-сезіміне, көзқарасына өзгерістер әкелуде. Сондықтан сол өзгерістер аясында Конституцияны да жаңарту – дәуір талабына сай қажеттілік. Сол өзгерістер бізді емес, біз оларды басқару үшін бұл реформалардың маңызы өте зор. Заңдағы жаңартулармен қатар Қазақстан Халық кеңесі деген билік тармағы пайда болды. Оның құрамында ҮЕҰ-дар, түрлі қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар өкілдері, яғни түрлі саланың сарапшылары болады», – деді М. Қабдығалиева.

Кездесудің мақсаты – құқықтық түсіндіру

Жиын барысында депутаттар жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, ұсынылған өзгерістер және олардың қоғам мен экономиканың дамуына ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -