Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының «KAZGELATIN» ЖШС өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жоба Алматы облысында тағамдық желатин өндіретін және мал шаруашылығының жанама өнімдерін терең өңдейтін заманауи кәсіпорын салуды көздейді.
Өндіріс қуаты және инвестиция көлемі
Жоспарға сәйкес, зауыт жылына шамамен 10 мың тонна тағамдық желатин өндіре алады. Негізгі өнімнен бөлек, кәсіпорында коллаген компоненттері, жемдік ақуыздар және техникалық майлар шығару қарастырылған.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 58 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр.
Импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік
Қазіргі уақытта Қазақстандағы тағамдық желатинге деген сұраныс толықтай импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар елде мал шаруашылығының жанама өнімдері жеткілікті көлемде қалыптасады, алайда олар толыққанды өңделмей келеді.
Жобаны іске асыру жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға, импортқа тәуелділікті азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Экспорттық әлеуетке бағытталған жоба
Ермек Кенжеханұлы бұл бастама агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы стратегиялық басымдықтарға толық сәйкес келетінін атап өтті.
Оның айтуынша, өндіріс экспортқа бағдарланып, соның ішінде Halal өнімдерін шығару бағытында дамиды, ал Министрлік мемлекеттік қолдау құралдары аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Шикізат қабылдау инфрақұрылымы құрылады
Кездесу барысында өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен сүйектерін қабылдайтын дайындау ұйымдарының желісін құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл шара шикізат жеткізу тізбегін жүйелеп, жаңа өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.